$ 450.69 € 505.04 ₽ 5.45
ЖаңалықтарОқиға

Абай облысында ірі өрт: тұрғындар шығынға ұшырағанын айтып, дабыл қақты

Абай облысының Мақаншы ауданында, Алакөл маңындағы Қабанбай ауылының төңірегінде құрғақ шөп пен қамыс өртенді. Әлеуметтік желіде тұрғындар өрт салдарынан шаруа қожалықтарының қора-жайы, жайылымдық жерлері мен қысқа дайындаған мал азығы жанып кеткенін айтып, дабыл қағуда. Ал құтқарушылар өртті сөндіру жұмыстарына қатты жел мен батпақты жер кедергі келтіргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Шаруалардың қора-жайы мен қысқы мал азығы өртенді

Әлеуметтік желі қолданушысы Айдын Берікболов Абай облысының Мақаншы ауданына қарасты Қабанбай (Жарбұлақ) ауылының маңындағы өрт туралы жазба жариялады.

Оның айтуынша, Алакөл жағалауында орналасқан бірқатар шаруа қожалығы өрт салдарынан айтарлықтай шығынға ұшыраған. Жалын қора-жайларды, жайылымдық алқаптарды және шаруалардың қысқы мал азығы үшін жинаған шөбін шарпыған.

«Абай облысы, Мақаншы ауданы, Қабанбай (Жарбұлақ) ауылы, Алакөлдің бойында жатқан қаншама шаруа қожалығының қора-жайлары, қаншама гектар жайылым, қысқы мал азығына жиналған маялар мен тасылмай қалған рулон шөптің бәрі жанып, үлкен табиғи апат болып, ауыл азаматтары көп шығынға ұшырап жатыр», – деп жазды ол.

Желі қолданушысы өрттің нақты неден шыққаны әзірге белгісіз екенін, қатты желдің салдарынан жалынды адам күшімен тоқтату қиынға соғып жатқанын жеткізді. Дегенмен өрттен зардап шеккен шаруа қожалықтарының нақты саны, жанып кеткен мал азығының көлемі және келтірілген материалдық шығын мөлшері әзірге ресми түрде нақтыланған жоқ.

Өртті сөндіруге қатты жел мен қамыс кедергі келтірді

Абай облысының Төтенше жағдайлар департаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, Мақаншы ауданында Қабанбай ауылынан 22 шақырым қашықтықтағы батпақты аумақта құрғақ шөп пен қамыс өртенген.

Ведомство мәліметінше, жалынды сөндіру жұмыстарын бірнеше жағдай қиындатқан. Атап айтқанда, қатты жел өрттің таралу қаупін күшейткен. Ал жердің батпақты болуы арнайы техникалардың қозғалысын шектеген. Бұған қоса, кейбір учаскелердегі қамыстың биіктігі үш метрге дейін жеткен.

«Өртті сөндіру жұмыстары қатты желдің екпініне, жердің батпақты болуына және кей жерлерде биіктігі 3 метрге дейін жететін қамысқа байланысты қиындауда», – деп жазылған хабарламада.

Төтенше жағдайлар министрлігінің 21 қазанда жарияланған мәліметі бойынша, өртті сөндіруге 100-ден астам адам мен 27 техника жұмылдырылған. Олардың қатарында құтқарушылар, «Ауыл құтқарушылары» еріктілері және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бар. Құтқарушылар шаруа қожалығының тұрғын үйі мен шамамен 30 тонна жиналған шөпті жалыннан қорғап қалған. ТЖМ елді мекендерге тікелей қауіп жоқ екенін хабарлады. Өрттің шығу себебі анықталуда.

«35 жыл болды»: тұрғындар өрт сөндіру бөлімін ашуды талап етті

Алакөл маңындағы өрт әлеуметтік желіде қызу талқыланып, тұрғындар Қабанбай ауылындағы өрт қауіпсіздігі мәселесін көтерді.

Пікір қалдырушылардың бірі ауылда арнайы өрт сөндіру бөлімін ашу қажеттігін айтып, бұл мәселенің ұзақ жылдан бері шешілмей келе жатқанына шағымданды.

«Қабанбай ауылына қашан өрт сөндіру бөлімін ашып бересіңдер? Биыл ашылуы керек еді. Қаншама қожалық өртенді. Қысқы шөптер өртенді. 330 демалыс үйі бар. Олар өртенсе не болады? 35 жыл болды. Халық қиналады», – деп жазды желі қолданушысы.

Тұрғындардың сөзінше, өрт тек шаруалардың мүлкі мен мал азығына ғана емес, Алакөл жағалауындағы демалыс нысандарына да қауіп төндіруі мүмкін, алайда пікірде айтылған 330 демалыс үйі туралы дерек, сондай-ақ ауылда өрт сөндіру бөлімін ашу жоспарының орындалу мерзімі ресми түрде расталған жоқ.

Қабанбай және Қарабұлақ ауылдарында «Ауыл құтқарушылары» өрт сөндіру бекеттерінің қызметкерлері бар екені туралы ТЖД бұған дейін хабарлаған. Дегенмен тұрғындар көтерген мәселе ауылда толыққанды өрт сөндіру бөлімін ашу қажеттілігіне қатысты.

Әзірге өрттен зардап шеккен шаруаларға келтірілген шығынның қалай есептелетіні, оларға қандай көмек көрсетілетіні және Қабанбай ауылында өртке қарсы инфрақұрылымды күшейту мәселесінің қалай шешілетіні белгісіз.

 

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button