90 жылан, 80 шаян: Шымкентте жылан мен шаян күрт көбейді
Құтқарушылар 90-ға жуық жыланды ұстаған.
Шымкентте жылан мен шаян күрт көбеюіне байланысты құтқарушылар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Almaty.tv мәліметінше, соңғы екі айда құтқару қызметіне тұрғын үй аумағында бауырымен жорғалаушылар пайда болуына қатысты 130-дан аса шақырту түскен. Құтқарушылар 90-ға жуық жыланды ұстаған. Былтыр мұндай өтініштердің саны 200-ге жуық болған.
Мамандардың айтуынша, жыландар көбіне қорек іздеп шығып, жеке үйлердің аумағында, сондай-ақ қаладағы тұрғын үй алаптарында, саябақтар мен тоғайларда жиі көріне бастаған.
«Жыландар көбіне тышқандар мен құстар бар жерде кездеседі, өйткені олар солармен қоректенеді. Қалада жыланның улы да, усыз да түрі кездеседі. Оларды байқаған жағдайда жақындамай, құтқарушыларды күткен жөн», – деді Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментіа бөлім бастығы Ербол Оспанов.
Бүгінде жылан шағу деректері тіркелмеген. Тағы бір қауіп – шаяндар. Қазірдің өзінде шаяннан 80 адам зардап шеккен. Мамандар табиғат аясына шыққан кезде сақтық шараларын сақтауға шақырды.