50 млн теңгеге дейін несие: «Ұмай» ипотекасының шарттары жарияланды
«Ұмай» ипотекасына өтінім қабылдау мерзімі қашан басталатыны белгілі болды
Қазақстанда 31 тамыздан бастап әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылданады. Бағдарлама аясында 50 млн теңгеге дейін несие алуға болады, деп хабарлайды Tizgin.kz «Отбасы банкке» сілтеме жасап.
«Ұмай» бағдарламасының шарттары қандай
Бағдарлама бойынша бастапқы жарна өңірлерде сатып алынатын тұрғын үй құнының кемінде 15 пайызын құрайды. Ал Астана мен Алматы қалаларында бұл көрсеткіш 20 пайыздан басталады.
Несие мөлшерлемесі жылдық 14,8 пайыз деңгейінде белгіленген. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 16,3 пайыздан 16,8 пайызға дейін жетеді. Қарыздың ең жоғары сомасы – 50 млн теңге.
Бағдарламаға қатысушы отбасының орташа айлық таза табысы 1 млн 250 мың теңгеден аспауға тиіс. Қажет болған жағдайда қосалқы қарыз алушыны тартуға рұқсат етіледі.
Қатысушының атында басқа баспананың болуы ипотека алуға кедергі келтірмейді. Оның отбасылық жағдайына да шектеу қойылмайды. Басты талап – өтінім беруші әйелдің ресми жұмыс істеп, тұрақты табыс табуы.
«Ұмай» бағдарламасы бойынша қандай баспана сатып алуға болады
«Ұмай» бағдарламасы арқылы пайдалануға берілген жаңа үйден баспана сатып алуға болады. Сондай-ақ Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігі немесе сақтандыру құралы болған жағдайда құрылысы әлі аяқталмаған тұрғын үйден пәтер алуға мүмкіндік бар.
Бұдан бөлек, бағдарлама аясында қайталама нарықтағы баспана да қарастырылған. Алайда мұндай тұрғын үй 2016 жылдан ерте салынбаған болуы керек.
«Ұмай» ипотекасы алғаш рет 2021 жылы іске қосылған. 2023 жылы бағдарламаға бөлінген өтінім лимиті жарты күннің ішінде таусылған еді. Оны 2025 жылы қайта іске қосу жоспарланғанымен, кейін бағдарлама басталатын мерзім 2026 жылға шегерілді.