Түріктің әйгілі әртісі Халит Эргенч Қазақстанға келеді

Түркияның әлемге әйгілі әртісі, «Мың бір түн», «Ғажайып ғасыр» телехикаясында басты рөлді сомдаған актер Халит Эргенч Алматыға келеді. Өнер иесі қазақстандық көрермендермен 14 қыркүйекте Республика сарайында кездеседі, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Халит Эргенч Алматыға сапары қарсаңында қазақстандық жанкүйерлеріне бейнеүндеу жазып, өтетін кездесуге шақырды.
«Сәлем, Қазақстан! 14 қыркүйек күні сағат 19:00-де Алматыдағы Республика сарайында кездесеміз. Сіздермен жүздесуді асыға күтемін. Көріскенше!» – деді актер.
Бейнежазба Халит Эргенчтің Қазақстанға келуіне арналған ресми фан-парақшада жарияланды.
Халит Эргенчті әлемге танытқан рөл
Халит Эргенч түрік киносы мен телевизиясындағы ең танымал актерлердің бірі саналады. Оның халықаралық деңгейдегі даңқын арттырған басты рөлдердің бірі – Осман империясының билеушісі Сүлеймен сұлтанның бейнесі.
«Ғажайып ғасыр» телехикаясы ондаған мемлекетте көрсетіліп, миллиондаған көрерменнің ықыласына бөленді. Тарихи туындының Қазақстанда да жанкүйері көп. Енді алматылық көрермендер танымал актермен жүзбе-жүз кездесуге мүмкіндік алады.