3 аптаның қорытындысы: ҰБТ кезінде 283 ереже бұзушылық анықталды
2026 жылдың 10 мамырында басталған негізгі ҰБТ 139 мыңға жуық рет тапсырылды.
Талапкерлердің 71%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 29%-ы орыс тілінде және 259 рет ағылшын тілінде тапсырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, үшінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 67%-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл 65 балды құрады. Ең жоғары нәтиже – 140 балл, оны Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир жинады.
Ерекше білім беру қажеттіліктері (ЕБҚ) бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінеді. ҰБТ-ға ЕБҚ бар 392 талапкер қатысты.
«ҰБТ-ны өткізудің үш аптасында 283 ереже бұзушылық анықталды. 168 талапкер смартфондарды, смарт көзілдіріктерді, микро құлаққаптарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 115 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ», – деп жазылған хабарламада.
Талапкерлердің тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру құқығы бар. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляция қарастырылғаннан кейін жеке кабинеттерде қолжетімді болады.