Жаңалықтар

1 шілдеден реформаның үшінші кезеңі басталады – Ерлан Қарин

Қазақстанның Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин бүгін қол қойылған конституциялық заңдар жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бүгін Мемлекет басшысы бірқатар конституциялық заңға қол қойған. Оның ішінде:

  • Қазақстан Республикасының Президенті туралы;
  • Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы;
  • Қазақстан Халық Кеңесі туралы;
  • Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы;
  • Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы заң бар.

Референдумда қабылданған жаңа Ата Заң Конституциялық реформаның бірінші кезеңінде жүзеге асырылса, заңдардың және басқа да құқықтық актілер топтамасының бекітілуімен реформаның екінші кезеңі түйінделеді.

“Ал 1 шілдеден реформаның үшінші кезеңі басталады. Бұл мемлекеттік-саяси моделді жаңғыртуға бағытталған. Алдымен Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді, одан кейін Қазақстан Халық Кеңесі құрылады, оның ізін ала биліктің өзге де негізгі институттары жаңарады. Реформалардың жалпы қисыны кезең-кезеңімен жүзеге асырылуында: алдымен тұжырымдама, содан соң құқықтық база, одан кейін мемлекеттің саяси моделінің жаңаруы. Өзгерістердің қарқынына да ерекше назар аударған жөн. Реформалар тоқтаусыз әрі мақсатты түрде жүргізілуде, сондай-ақ нақты әрі салмақты сабақтастыққа негізделген. Мұның барлығы Мемлекет басшысының саяси стиліне тән дүниелер. Осылайша, кең ауқымдағы қоғамдық келісімге сүйенген жүйелі әрі дәйекті жаңғыру қазіргі Қазақстанның басты ерекшелігіне айналып келеді”, – дейді ол.

Еске сала кетейік, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың 15 наурызында қабылданған Конституцияның ережелерін жүзеге асыру мақсатында конституциялық заңдарға қол қойған еді.

Back to top button