$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

Зеренді ауданында аңға шыққан ер адамды бірге шыққан жігіт атып өлтіріп алды

Ақмола облысында елік аулауға шыққан алты адамның бірі мылтық оғынан көз жұмды. Ізінше, 43 жастағы аңшы ұсталды, деп хабарлайды Tizgin.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Аңшылық кезінде оқ атылған

Оқиға Қайыңды ауылының маңындағы орманда болған. Алты адам елік аулау үшін орманға барып, аңды қаумалап келе жатқанда олардың біріне оқ тиген. Жергілікті тұрғын Ұлықбек Өміржановтың айтуынша, оған учаскелік инспектор хабарласып, оқиға орнына баруды сұраған. Ол марқұмның денесінде бытыраның іздері болғанын жеткізді.

«Учаскелік инспектор хабарласып, аңшылардың бірін-бірі атып алғанын айтты. Оқиға болған жерді шамамен түсіндірген соң, көлігіммен бардым. Марқұмның денесін көрдім. Бытыра тигені байқалды. Естуімше, алда келе жатқан адамның мылтығына бұтақ тиіп, артындағы аңшыға оқ атылып кеткен. Қысқасы, жазатайым оқиға болған сияқты», – дейді ол.

Қайыңды ауылының тұрғындары сол күні таңертең орман жақтан бірнеше мәрте мылтық даусы естілгенін айтқан.

Аңшы ұсталды

Оқиға салдарынан 64 жастағы ер адам қаза тапты. Өлімге әкелген оқ атылған мылтықтың иесі – 43 жастағы аңшы ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, аңшылыққа шыққан азаматтардың қажетті құжаттары түгел болған. Олар орманға тиісті жолдама және рұқсат қағаздарымен барған.

Енді оқтың қандай жағдайда атылғанын және қайғылы жағдайға нақты не себеп болғанын тергеу анықтайды.

Back to top button