Ыстанбұлдағы қазақстандықтың өлімі: қылмыстық топ әшкереленді
Исмаилов есімді Қазақстан азаматы Ыстанбұл қаласында ажал құшқан болатын. Жолға қойылған байланыс арналарының арқасында бұл кісі өлтіру қылмысы жедел түрде ашылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ЕКІ АДАМ ҰСТАЛДЫ
Анықталғандай, үш ел полицейлерінің бірлескен жұмысы нәтижесінде қылмыс жасаған екі адам ұсталды. Қылмыстық істі тергеу барысында қылмыстың жасалу себебі, сондай-ақ кісі өлтіруді ұйымдастырушы мен тапсырыс беруші анықталды. Олар трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық ортаның өкілдері және халықаралық іздеуде жүрген.
Алынған мәліметтер АҚШ-та журналисті өлтіруге оқталу дерегі үшін бас бостандығынан айырылған қылмыс әлемі серкесінің басшылығымен әрекет еткен қылмыстық топ мүшелерінің Қазақстан аумағында жасаған өзге де ауыр қылмысын ашуға мүмкіндік берді.
Өткен жылы тамызда қала тұрғынын өлтіруге оқталған ұйымдасқан қылмыстық топтың киллерлерінің бірі ұсталды. Қылмыс құралы – тапанша тәркіленді.
ІІМ ӨКІЛІ НЕ ДЕЙДІ
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданған.
«Қазақстан Ішкі істер министрлігі Түркия және Грузиядағы әріптестерімен өзара іс-қимыл аясында үш мемлекеттің аумағында трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін ұстау бойынша кезең-кезеңімен арнайы операция жүргізді. Алматыда аталған қылмыстық құрылымның мүшелері ұсталды. Оларға қару қолдану арқылы жасалған бірнеше шабуылға қатысы бар деген айып тағылуда», – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Аталған қылмыстарды жасаудағы қаскөйлердің көздегені – қылмыстық идеология элементтерін пайдалану арқылы диаспоралық топтардың жекелеген өкілдерінің бизнесіне ықпал ету. Грузия аумағында трансұлттық қылмыстық құрылымдармен байланысы бар және бірқатар ауыр қылмыстарға қатысы бар күдіктілер ұсталды.
«Қазір белгілі болған барлық қылмыстық фактілер бойынша дәлелдемелерді жинау жалғасуда, қылмысқа қатысы бар күдіктілер анықталуда. Топтың ұйымдастырушысын қолданыстағы заңнамаға сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тарту бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді Қуандық Алпыс.