Астанадағы үш баланың өмірін жалмаған өрт «Мемлекет қауіпсіздігі қамтамасыз етілмейтін құрылыстарға неге жол береді» деген сұрақты тағы ақпарат алаңына шығарды. Кейінгі 7-8 жылда бір үйдің бірнеше баласын өмірмен қош айтыстырған өрттің бәрі жер үйлерден шығатын. Төтенше жағдайлар министрлігі қайғылы жағдай тым жиілеп кеткендіктен бюджеттен қаражат бөлгізіп, тұрмысы төмен отбасылардың үйлеріне мемлекет есебінен дабыл құрылғыларын орнатқан. Соның арқасында жүздеген қайғылы жағдайдың алдын алғандарын ресми хабарлап отырады. Ал бұл жолғы өрттің сипаты өзгеше. Ауызекі тілде «комфорт» деп аталатын, жайлылық стандарты бойынша ІІІ санатқа жататын «Көркем-3» тұрғын үй кешенінен шығып отыр.
Елорданың ең бір инфрақұрылымы жақсы дамыған бөлігінде тұтанған өртті адам шығынынсыз ауыздықтау неге мүмкін болмағанын анықтау үшін қылмыстық іс қозғалғаны мәлім болды. Ол істің мән-жайы, қайғылы жайтқа соқтырған олқылықтардың себебін анықтаған актілердің мазмұны ашық жариялануы екіталай.
NewTimes.kz сайты оқиғаның ізі суымай тұрғанда өрт шыққан үйден репортаж жасаған болатын.
Әріптестеріміздің объективіне ілінген құнды кадрлардың өзі азаматтық қорғаныс саласының мамандарына біраз жайттан хабар беретін материал деуге болады. Репортаждан өрттен кейінгі алғашқы көріністі анық байқауға болады: подъезді толық күйе басқан, лифт пен дәліздерде түтіннің қолқа тесер исі сақталған, қабаттардың қабырғасы қара күйеге боялған. Осы көрініске сүйене отырып, «Көркем-3» тұрғын үй кешенінің өрт қауіпсіздігі талаптарына қаншалықты сай эксплуатацияланғанына нақты нормалармен талдау жасауға болады.
Төтенше жағдайлар министрінің 2022 жылғы 21 ақпандағы №55 бұйрығымен бекітілген «Өрт қауіпсіздігі қағидалары» бар. Өзге де биік ғимараттар сияқты көпқабатты тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігіне қойылатын талаптар да осы құжатта көрсетілген.
Түтінге қарсы жүйе
Құжаттағы 1-тараудың 6-тармағында көппәтерлі тұрғын үйдегі өртке қарсы қауіпсіздікті кім және қалай қамтамасыз ететінін жазылған.
Меншік иелері, ұйымдардың, кәсіпорындардың басшылары, жеке кәсіпкерлер, жеке тұлғалар, объектіні немесе үй-жайды иеленуге, пайдалануға немесе оған билік етуге құқығы бар адамдар:
- өрт сөндіру және өрт дабылы қондырғылары;
- өрт кезінде адамдарды эвакуациялауды хабарлау және басқару жүйелері;
- түтінге қарсы қорғау және өртке қарсы сумен жабдықтау, өртке қарсы жабдық пен өрт техникасы;
- өртке қарсы есіктер, клапандар мен люктер;
- өртке қарсы тосқауылдардағы ойықтарды толтыру;
- ғимараттар мен құрылыстар үй-жайлары, тыныс алу және көру органдарын жеке қорғау құралдары;
- адамдарды құтқарудың жеке және ұжымдық құралдары;
- ғимараттарды, құрылыстар мен сыртқы технологиялық қондырғыларды найзағайдан қорғау құрылғыларының тұрақты жұмыс жағдайында болуын қамтамасыз етеді.
Репортаждағы көріністер өрт кезінде түтінге қарсы жүйенің толық көлемде жұмыс істемегенін жанама түрде көрсетеді. Түтінге қарсы жүйе шын мәнінде жұмыс істесе, неге бүкіл дәлізді ыс басып, күйе құрсап қалған?
Өрт сигнализациясы және автоматика
Осы құжаттағы 2-тараудың 71-тармағында «Өрт автоматикасы жүйелері кезекші жұмыс режимінде тұрақты ұсталатыны» айтылған.
«Өрт автоматикасы жүйелері кезекші (жобалық) жұмыс режимінде тұрақты ұсталады»
Ал 64-тармақта:
«Объектіде өрт автоматикасы жүйелерін техникалық жарамды күйде күтіп-ұстау үшін басшының бұйрығымен өрт автоматикасы жүйелерін үздіксіз пайдалануды қамтамасыз ететін адам тағайындалады», – деп жазылған.
Репортажда тұрғындардың көмек сұраған айқайдан оянғаны айтылған. Бұл 71-тармақтағы талаптардың сақталуына қатысты сұрақ туғызатын көрініс. Дабыл жүйесі штаттық режимде жұмыс істесе, тұрғындарға әуелі дыбыс немесе жарық арқылы сигнал берілген болар еді. Репортажда адамдардың айқайдан оянғаны айтылуы дабыл жүйесінің уақытылы іске қосылмаған болуы мүмкін деген күмәнді күшейтеді.
Эвакуация жолдары, есіктер
Қағидалардың 19-тармағы:
«Ғимараттар мен құрылыстарда есіктердің өздігінен жабылуына арналған құрылғылар жарамды күйде ұсталады».
«Өртке қарсы есіктер мен түтіннен оқшаулайтын құрылғылардың (шымылдықтардың, экрандардың, перделердің) еркін жабылуына кедергі келтіретін құралдарды орнатуға жол берілмейді».
Түтіннің бүкіл дәлізге сіңіп, қабаттарға тарауы, адамдарды автоматты дабыл емес, бір-бірін оятуы, кіреберістердегі ыс пен күйе қолданыстағы нормалардың дәл осы кейсте қалай орындалғанына қатысты сұрақ туғызады.
Жарнама жобаға сәйкес пе
Ашық деректерге сүйенсек, «Көркем-3» тұрғын үй кешені 2019 жылы қолданысқа берілген. Сол кездегі жарнамасында бұл кешен барынша қауіпсіз баспана болатыны көрсетілген.
«Тұрғындардың қауіпсіздігіне мыналар жауап береді:
– заманауи өрт қауіпсіздігі жүйесі;
– тәулік бойы бейнебақылау;
– домофондар және есіктердің өздігінен жабылуын қамтамасыз ететін құрылғылар», – деп жазылған.
Басқаша айтсақ, заманауи өрт қауіпсіздігінің жүйесі жай талапты орындау емес, кешеннің тікелей артықшылығы ретінде көрсетілген. Сол артықшылықтар неге үш баланың өміріне араша бола алмады?

Оның жауабын да тергеу анықтау керек. Нақтырақ айтсақ, жарнамада уәде етілген «заманауи өрт қауіпсіздігінің жүйесі» нақты болды ма? Болса неге сын сәтте іске қосылмады?
Жарнамада көрсетілген есіктердің өздігінен жабылуын қамтамасыз ететін құрылғылар жұмыс істесе, түтіннің еркін таралуына тосқауыл болуға тиіс еді.
Көлденең қойылған көлік
Әлеуметтік желіде тараған видеоларда аула қақпасының алдында көлденең қойылған көлік өрт сөндіру техникасының кіруіне нақты кедергі келтіргені байқалады. Мұндай жағдайлар Өрт қауіпсіздігі қағидаларының 164-тармағында көзделген талаптарға қайшы келуі мүмкін. Әуелде көлік иесімен түсіндіру жұмыстары жүргізілгені айтылса, кейін айыппұл салынғаны хабарланды. Бұл жерде көлік иесінен бөлек, тұрғын үй кешенін күтіп ұстауға жауапты ұйымның да жауапкершілігі қарастырылуы мүмкін.
Өрт қауіпсіздігі қағидаларының 164-тармағында ол туралы нақты айтылған.
«Ғимараттар мен құрылыстардың аумағына өту жолында өрт сөндіру техникасының өтуіне кедергі келтіретін шлагбаумдар, қақпалар мен қоршаулар орнату кезінде бұл құралдар өрт сөндіру техникасының кедергісіз өтуі үшін бұғаттан босатылу және (немесе) құлыптан ашылу, сондай-ақ ашық күйде болу мүмкіндігімен мынадай тәсілдердің бірімен қамтамасыз етіледі:
1) арнайы техникалық құралдарды қолданбай қолмен ашу;
2) персоналдың тәулік бойы кезекшілігімен тұрақты бекетті ұйымдастыру.
Жолдар мен өтпелердің жөнделуі туралы немесе өрт техникасының өтуіне кедергі келтіретін басқа да себептер бойынша оларды пайдалануға жауапты ұйым шығу ауданында осы жолдар мен өтпелер бар мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарына уақтылы хабарлайды, – деп жазылған.
Қақпаға жауапты тәуліктік күзет болып, мүлтіксіз жұмыс істесе, өрт техникасының жолына көлденең көлік қаңтарылмайтын еді.
Астанадағы қайғылы оқиғадан кейін Төтенше жағдайлар министрлігі мен Ішкі істер министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бүкіл ірі қалалардағы көпқабатты үйлердің өрт қауіпсіздігіне сәйкестігін тексеру керектігін айтушылар көбейді. Түйіндесек, бұл қайғылы оқиға тұрғын үй кешендеріндегі өрт қауіпсіздігі талаптарының қағаз жүзінде ғана емес, нақты пайдалану барысында қалай сақталатынын қайта қарау қажеттігін көрсетеді.