TOP-2Жаңалықтар

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» компаниясына жаңа төраға тағайындалды

Шыңғыс Айдарбекұлы Оразалимов «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы болып сайланды. Тиісті шешімді компанияның директорлар кеңесі 2026 жылғы 30 қазанда қабылдады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Жаңа басшы туралы не белгілі

Шыңғыс Оразалимов 1994 жылы 23 қаңтарда дүниеге келген. Қазір 32 жаста. Цифрлық технологиялар, өнімдерді басқару, стратегиялық даму және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру салаларында тәжірибесі бар. 2015 жылы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетін «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша бітірген. 2017 жылы осы университетте «Жобаларды басқару» мамандығы бойынша білім алған.

Еңбек жолын 2014 жылы digital-маман ретінде бастаған. 2014–2019 жылдары Smart Digital Consulting, KulanOil, «Қазпошта», «Самұрық-Қазына Контракт», «Астана» халықаралық қаржы орталығының FinTech хабы және Toolpar компаниясында жұмыс істеген.

2019 жылғы шілдеден 2021 жылғы қаңтарға дейін BTS Digital компаниясында өнім менеджері болған.

Бұған дейін қандай қызметтер атқарған

2022 жылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында аппараттың стратегиялық даму департаментін және фронт-офистерді үйлестіру департаментін басқарған. Сондай-ақ басқарманы цифрландыру офисінде жоба жетекшісі қызметін атқарған.

2022 жылғы тамыздан 2023 жылғы маусымға дейін мемлекеттік корпорацияның басқарма аппаратында IT жөніндегі басқарушы директор болған. Кейін басқарма төрағасының орынбасары қызметіне ауысып, бұл лауазымды 2024 жылғы сәуірге дейін атқарған.

2024 жылғы шілдеде «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалған. Компанияның ресми сайтындағы өмірбаянында осы қызметі көрсетілген.

Ал KASE жариялаған мәліметке сәйкес, директорлар кеңесінің 2026 жылғы 25 қыркүйектегі шешімімен Оразалимовке басқарма төрағасының міндетін атқару жүктелген.

Back to top button