$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
TOP-2Жаңалықтар

Ұлдана Мырзуан ісі: сарапшы үй қасбетінің құлау себебін атады

Құрылыс саласының маманы Вероника Лабаева Ұлдана Мырзуан ісінде айтылған ғимараттан анықталған ақаулар туралы баяндады. Оның сөзінше, үйдің апатты жағдайға түсуіне нақты салынған қабат санының жобада көрсетілген қабат санына сәйкес келмеуі негізгі себеп болған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Жарықтар негізгі себеп емес, оның салдары болған

Лабаеваның айтуынша, сарапшылар құрылыста М25 маркалы беріктігі төмен ерітіндінің қолданылғанын, кірпіш жіктерінің ерітіндімен толық толтырылмағанын, жарықтар мен басқа да құрылыс ақауларын анықтаған. Алайда маманның пікірінше, бұл кемшіліктердің өзі туындаған мәселенің негізгі себебі болмаған.

«Менің ойымша, жарықтар секілді ақаулар негізгі себеп емес – оның салдары. Жобадан ауытқулар уақыт өте келе жарылатын мина іспетті болды. Ал құрылыс жұмыстары кезінде жіберілген ақаулар оның әсерін күшейтті», – деді сарапшы.

Ол ғимарат конструкциясы арматураланған белдеулермен күшейтілмегенін, сондай-ақ қажетті анкерлеу жұмыстары жүргізілмегенін нақтылады. Құрылыс кезінде беріктігі төмен ерітінді, сынған және жарты кірпіштер пайдаланылған. Маманның сөзінше, осы заң бұзушылықтардың барлығы жиынтығында шешуші рөл атқарған. Дегенмен ол негізгі себеп ретінде ғимараттың жобаға сәйкес келмеуін атады.

Ғимараттың биіктігі екі есе ұлғайтылған

Вероника Лабаева 2-83 үлгілік сериясы бойынша бес қабатты ғимарат салу қарастырылғанын айтты. Оның бағалауынша, үй бес қабатты болып салынғанда, қабат саны артқаннан кейін пайда болған жел және динамикалық жүктемелерге ұшырамас еді.

«Егер ғимарат 2-83 үлгілік сериясына сәйкес бес қабатты болып салынғанда, мұндай жел және динамикалық жүктемелерге ұшырамас еді. Ғимараттың биіктігі қажетті есептеулер жүргізілместен екі есе ұлғайтылған», – деп атап өтті сарапшы.

Осылайша, маманның тұжырымына сәйкес, ғимараттың апатты жағдайға түсуіне жекелеген бір ақау емес, жобалау және құрылыс талаптарының жиынтық түрде бұзылуы себеп болған. Ал шешуші фактор – қажетті есептеулер жүргізілместен үй биіктігінің екі есе ұлғайтылуы деп есептейді сарапшы.

Back to top button