«Дөп сөз» подкастында режиссер Мұрат Есжан қазақ киносы туралы айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Қазақстанда жаңа Голливуд кезеңі. 70-ші жылдар. Оның алдында блокбастерлер, тарихи фильмдер, комедиялар, продюсерлік фильмдер көп болған. Олар режиссерді жалдайды, ұнамаса басқа режиссер алады. 60-шы жылдардың аяғында ол жүйе құлады. Сол кезде тарих бетіне жастар келді. Олар аз бюджетпен өздерінің көзқарастарын алып келді. Сол кезде «Өкіл әке», «Такси» фильмдері шықты. Сөйтіп жаңа толқын Голливудты құтқарып қалды. Еуропадағы «авторлық» деген нәрсені Голливудқа алып келген – осылар», – дейді Мұрат Есжан.
Оның айтуынша, қазір Қазақстанда көп филмдер продюсердің атымен аталады.
«Мысалы, «Баян Мақсатқызының фильмі», «Нұрлан Қоянбаевтың фильмі» дейді. Ал Голливудта фильмді продюсердің атымен атамайды. Бізде сол кезең болып жатыр. Қазір бізге бәріне еркіндік беру керек. «Мынау – өтеді, мынау – өтпейді деп қарау – киноны өлтіреді. Танымал адамдары қосып комедия түсіре беруден кино өнері дамиды деп айта алмаймын. Кино өнері таза авторлық фильммен де дамымайды. Олар өздері фестиваль аралап жүре береді. Екеуі бірігіп, көрерменге сапалы дүние жеткен кезде өзінің биігіне шығады», – дейді режиссер.
Ол өзі фильмді қалай көретінін айтты.
«Бастапқыда фильмді кәсіби маман ретінде қарап отырамын. Оның құрылымын қарап, «Мынаны не үшін осылай істеді екен?» деп ойланып отырамын. Егер фильм көріп отырғанда осының бәрін ұмытып кетсем – демек ол мен үшін жақсы фильм. Ал басынан аяғына дейін кәсіби тұрғыда қарап отырсам – демек ол фильм маған ұнаған жоқ», – дейді ол.