$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Спорт

Тағы бір боксшы қызметке тағайындалды

Қазақстандық боксшы Қамшыбек Қоңқабаев «Спортшылар кеңесінің» Спорт директоры болып тағайындалды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев әуесқой бокстағы табыстарымен қатар, кәсіпқой рингте де ел намысын абыроймен қорғаған.

«Спортшылар кеңесі» спортшылар мен спорт ардагерлерінің мүддесін қорғап, олардың ұсыныстары мен мәселелерін тиісті органдарға жеткізуге, спортты дамытуға бағытталған бастамаларды қолдауға және спорт қауымдастығы мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.

Қамшыбек Қоңқабаевтың өмірбаяны

Қамшыбек Қоңқабаев – қазақстандық боксшы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері. Ол 1991 жылы 18 қарашада Қызылорда қаласында дүниеге келген.

Боксшы халықаралық аренада аса ауыр салмақта ел намысын қорғады. 2017 жылы Германияның Гамбург қаласында өткен әлем чемпионатында финалға шығып, күміс медаль иеленді. 2019 жылы Ресейдің Екатеринбург қаласында ұйымдастырылған әлем біріншілігінде осы жетістігін қайталады.

Қоңқабаевтың спорттық жолындағы басты жетістіктерінің бірі – Токио Олимпиадасының қола медалі. Ол бұл жарыста 91 келіден жоғары салмақ дәрежесінде үздік үштікке енді. Әуесқой бокспен қатар кәсіпқой рингте де өнер көрсетіп, өткізген бес жекпе-жегінің бәрінде жеңіске жетті. Оның төртеуін мерзімінен бұрын аяқтады.

Back to top button