СҚО-да егін алқабын химиялық өңдеуден кейін механизатор қаза тапты
Солтүстік Қазақстан облысында 46 жастағы ер адамның қазасына байланысты тергеу басталды.
Оқиға 14 маусым күні Тимурязев ауданындағы Ленин ауылдық округінде орналасқан «Қазақстан Бидайы» ЖШС егістік алқабында болған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
СҚО бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің хабарлауынша, қаза тапқан ер адам Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Новоселовка ауылында тұрған. Ол шаруашылықта механизатор болып жұмыс істеген. Сол күні шамамен сағат 10:00-де оны егістікке химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін алып барған.
Шамамен 23:00-де оның жағдайы күрт нашарлаған, әріптесі жедел жәрдем шақырған. Уақыт жоғалтпай, ол ер адамды көлікке отырғызып, жолға қарай шыққан. Жедел жәрдем бригадасы оның өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, ер адам көз жұмған.
Өлім себебін анықтау үшін мәйіт сот-медициналық сараптамаға жіберілді.
Облыстық Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаменті арнайы комиссия құрды, өндірістегі қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты анықтау бойынша тергеу жүргізілуде.