Шымкентте бұрынғы әйеліне қышқыл шашып жіберген ер адам қамауға алынды
Шымкент тұрғыны бұрынғы күйеуінің шабуылынан соң ауруханаға түсті. Оның бетін, мойнын, кеудесін, арқасы мен иығын күйік шалған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бөтен нөмірден қоңырау шалды
Аталғани оқиға жөнінде “НеМолчиKZ” қоры хабарлады. Қоғам белсенділері жәбірленуші осыдан бес жыл бұрын, қызы алты айлық болғанда күйеуімен ажырасқанын жеткізді. Кейін әйел алимент өндіруге өтініш берген.
Қор ақпаратынша, бірнеше жыл өткен соң бұрынғы күйеуі әйелдің өмірінде қайта төбе көрсетті. Ол алименттен бас тартуды талап етіп, қорқыта бастаған.
“НеМолчиKZ” әйел сұлулық салонында жұмыс істейтінін көрсетті. Шабуыл жасалмас бұрын біреу жаңа нөмірден клиент ретінде хат жазған. Содан тез арада жолға шығатынын сылтауратып, кешке қабылдауын өтінген.
Киімі терісімен бірге еріген
Қордағылар бұрынғы жұбайы осылайша әйелді кездесуге алдап шақырды деп пайымдап отыр.
“Ол әйелді жол бойында аңдып, үстіне қышқыл шашқан. Арнайы жұмыс киімін киген оның қолында канистр болды. Бұта арасынан шыққан күйі әйелдің қолынан ұстап алып, үстіне сұйықтық құйып жіберген. Жәбірленуші киімінің терісімен бірге еріп жатқанын көргенін айтты. Ол бар дауысымен айғайлап, дауысын естіген адамдар көмекке келген. Ал қаскөй ізін суытты”, – делінген жазбада.
Ауруханада жатыр
Қазір зардап шегуші ауруханада жатыр. Қор мәліметінше, оның бетін, мойнын, қолын, кеудесін, арқасы мен иығын күйік шалған. Қор өкілдері әйелге бірнеше ота жасалып, терісін алмастыру қажет болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ қор өкілдері полицияның Қылмыстық кодекстің 107-бабы “Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру” бойынша іс қозғағанын хабарлады. Қоғам белсенділері құқық қорғау органдары істі “адам өлтіруге оқталу” бабына қайта саралауы тиіс деп есептейді.
Полиция мәліметі
Шымкент Полиция департаменті ақпаратынша, аталған жағдай 2 тамызда болды. Баспасөз қызметі өкілдері бұрынғы күйеуі әйелді алдап кездесуге шақырған дегенді алға тартты.
“Бұрынғы күйеуі әйелге сұйықтық шашып, оқиға орнынан қашып кеткен. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды”, – делінген мәліметте.
Күдікті сол күні Алматыда табылып, ұсталды. Қазір ол қамауда.