$ 447.94 € 502.32 ₽ 5.52
Жаңалықтар

Шымкентте банкет залында жұмыс істеген 13 жастағы бала көз жұмды

Шымкенттегі банкет залдарының бірінде жұмыс істеген 13 жастағы бала сол ғимаратта қайтыс болды. Полиция баланың өліміне оның ауруы себеп болғанын мәлімдеді. Ал тексеру барысында еңбек заңнамасын бұзу деректері анықталып, мекеме иесі әкімшілік жауапқа тартылған, деп хабарлайды Tizgin.kz Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Полиция не мәлімдеді

Оқиғаға байланысты полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізген. Шымкент қалалық полиция департаментінің мәліметінше, тексеру нәтижесінде баланың өлімі оның ауруына байланысты болғаны анықталған.

Сондай-ақ жасөспірімнің банкет залында жұмыс істегені белгілі болды.

«Жасөспірімнің өлімі оның ауруына байланысты болғаны анықталды. Бұған қоса, тексеру барысында анықталған еңбек заңнамасын бұзу деректері бойынша банкет залының иесі әкімшілік жауапқа тартылды», – деп хабарлады полиция.

Баланың қандай аурумен ауырғаны туралы мәлімет берілмеген.

Банкет залының иесі жауапқа тартылды

Мекеме иесі еңбек заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған. Алайда нақты қандай жаза тағайындалғаны хабарланбаған.

Otyrar.kz мәліметінше, қайтыс болған баланың ата-анасы қалалық еңбек инспекциясына шағым түсірмеген.

Басылым балаларды жұмысқа қабылдауда жасына қатысты талаптар сақталуға тиіс екенін атап өтті. 14 жастан бастап жасөспірімдер ата-анасының келісімімен, оқуына кедергі келтірмейтін жеңіл жұмысты атқара алады.

Back to top button