Шымкентте аудан әкімі қызметкерін соқты деген видео тарады – тексеріс басталды

Аталған оқиға бойынша Шымкент қаласы әкімдігі ресми түсіндірме жасап, тексеріс біткенше асығыс қорытынды шығармауды сұрайды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ӘКІМДІКТЕГІЛЕР НЕ ДЕЙДІ
Әлеуметтік желіде қаладағы аудан әкімдерінің бірі қатысқан болуы мүмкін оқиға бейнеленген видео таралып жатыр.
Аталған дерек бойынша оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтау мақсатында қызметтік тексеру жүргізілетінін хабарлаймыз. Қала әкімдігі заңдылықты сақтау, қызметтік әдеп қағидаттарын ұстану және кез келген құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеу ұстанымын басшылыққа алады, – делінген ақпаратта.
Егер таралған бейнежазбада көрсетілген жайттар расталса, Қазақстан Республикасы қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
Тексеру аяқталғанша асығыс қорытынды жасамауды сұраймыз. Оның нәтижелері туралы қосымша хабарланады, – деді әкімдік өкілдері.
МӘН-ЖАЙЫ
Айта кетейік, бейнежазба былтыр күзде тарала бастаған. Бұл туралы алғаш болып заңгер Айгүл Орынбек жазды. Ол әуелде қаланың “мықты әкімі” Ғабит Сыздықбеков заңды түрде шара қолданады деген сенімде болғанын алға тартты.
Өкінішке қарай, бұл видео журналистерге тарала бастағанына қарағанда, әкімдік тарапынан ешқандай шара қабылданбаған сияқты. Видеода Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі өз қызметкеріне күш қолданып, ұрып-соғып жатқаны көрінеді. Иә, қызметкер жұмысынан айырылып қалмас үшін әкімге қарсы арыз жазбауы мүмкін. Бірақ жанына қатты батқан адам бұл видеоны бекерден-бекер таратпайды ғой, – деген болатын адвокат.