Шымбұлаққа апарар жол қарашаның соңына дейін жабылады
24 шілдеден бастап Медеу – Тұйықсу автожолында инфрақұрылымды жаңғыртуға байланысты қозғалысқа шектеу енгізіледі, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жолда қандай өзгеріс болады
Алматы әкімдігі мәліметінше, 24 шілде мен 30 қараша аралығында Медеу – Тұйықсу жолында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Мамандар инженерлік желілерді жаңартып, Шымбұлақ шатқалындағы нысандардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етпек.
Соған сәйкес көлік қозғалысы уақытша шектеледі. Бұл арнайы техниканың кедергісіз жұмыс істеуі мен келушілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Бірақ жол толық жабылмайды. Төтенше жағдайлар қызметінің көліктері, шатқал тұрғындары және арнайы техника үшін өтуге мүмкіндік беріледі.
Шымбұлақ жұмысы тоқтамайды
Қозғалысқа шектеу енгізілсе де, Шымбұлақ аумағындағы туристік нысандар келушілерді қабылдай береді.
Демалыс орындары, серуендеу бағыттары мен курорт аумағына баруға тыйым салынбайды. Алайда кейбір нысанға автокөлікпен жету мүмкін болмайды.
Туристерге балама бағыт ұсынылды
Шымбұлаққа жаяу барғысы келетіндер үшін жаяу жүргіншілер жолы жабылмайды. Туристерге Медеу бөгеті маңындағы №12 және №21 автобустардың соңғы аялдамасынан басталатын Студенттер соқпағымен жүруге болады.