TOP-1Сараптама

Шекарадағы жұрттың шері немесе қаулы мен өмір неге қабыспай отыр

Қазақ-қытай шекарасының ортасында мал бағатын шығысқазақстандықтар шұрайлы алқаптар елсізденіп жатқанына алаңдайды.

Редакциямызға Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданынан хабарласқан бір топ тұрғын шекара іргесіндегі ауылдарда өмір сүрудің барған сайын қиындап бара жатқанын айтып, көмек сұрады. Tizgin.kz бүгінгі материалда осы мәселеге жан-жақты үңіліп, шешу жолдарын қарады.

Шекарадағы жұрттың шағымы

Шекараға жақын елді мекендердің тұрғындарын ерекше қауым деуге болады. Елдің тұтастығы, жердің бүтіндігі, мемлекет мүддесі деген ұғымдарға бейжай қарамайтын, тіпті кейде тым сақ қарайтын әдеттері бар. Әңгімелесе кетсеңіз, әсіресе Қытаймен іргелес ауылдардың халқын уақыттың өзі асықпай іріктеп, ең жанкештілерін шекара күзетіне алып қалғандай әсер аласыз.

Шекара белдеуінде қалған Ласты қыстауы

Мұң шағып хабарласқандардың қай-қайсысын сөйлетсеңіз де: «Бұл кешенді мәселе. Оны біздің жайылымның шеңберімен ғана өлшесеңдер, қатты қателесесіңдер» деп бастайды. Алғашында мұны өз басындағы проблеманы қоюлатып көрсетудің бақай есебі ғой деп қабылдауыңыз мүмкін. Бірақ шекарамен байланысты әр заңның әр бабын жатқа айтып, Үкіметтің қаулыларын қағазға қарамай тәпсірлейтін малды ағайынның әңгімесіне қаныққан сайын бұл мәселенің шынымен де кешенді екенін біртіндеп мойындайсыз.

«Үкіметтің қаулысы елемеген бұтақ болып шықты»

«Қазақстан Үкіметінің 2014 жылы бекітілген №356 қаулысы бар. Осы құжат Зайсан, Тарбағатай, Марқакөл аудандарының шекара белдеуінде шаруашылық жүргізіп отырған тұрғындарына «елемеген бұтақ» болып тиген.

Қаратал ауылы халқының малы жайылатын жайлау

«Қытаймен арадағы шекара Совет үкіметінің кезінде қатаң бақылауда болды ғой. Қазіргі қоршаудың көбі сол кезде тартылған. Ені кейбір тұста 20 шақырымға дейін жетеді. Үкіметтің 2014 жылғы маусымда қабылдаған №356 Қаулысында шекара белдеуінің ені Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан аумағымен шектескен тұстарда 100 метр, Қытай аумағымен шектескен жерде 2000 метр деп белгіленді. Бірақ екі шақырымдық меже шекара қызметінің инженерлік құрылыстары мен қоршауларына жүрмейтіні, сол қоршаулар шебіне дейін айқындалатыны көрсетілген. Осылайша Қытаймен арадағы шекараның кейбір тұсында белдеудің ені 15-20 шақырымға дейін кетіп тұр. Совет заманынан бері ол белдеуді малшылар шекарашылардың рұқсатымен жайлап, қыстақ салған, қотан ұстаған. Ол кезде белдеуге өтетін тұстарға арнайы шлагбаум орнатылатын, рұқсат алу да оңай еді. Қазір соның бәрі барған сайын қиындап барады, – дейді 71 жастағы Қабидолда Сайранов.

Оның сөзіне қарағанда, шекарашылар малшы үйлердің өздерімен қоңсылас отырғанына қарсы емес, тіпті сиреп кетпеуіне мүдделі. Бірақ шекара қызметін үстінен қадағалайтын органдардың талаптары ұзын арқан, кең тұсауға салғызбай тұр.

«Жер телімін жалдау актісінің мерзімі біткендер құқығын ұзарта алмай отыр. Өйткені Жер кодексінің қазіргі редакциясының 23-бабында шекаралық белдеуде орналасқан телімдер жеке меншікке және уақытша пайдалануға берілмейді деп жазылған. Тек іргелес елді мекеннің тұрғындары ортақ жайылым ретінде ғана пайдалана алады. Осыны негізге алып, ескіріп құлауға айналған қыстақтарды жаңартып, үй-жай салуға да тыйым салып отыр. Қазір шекараға жақын қоныстанған халықтың сирегенін аудан орталықтарының бір кезде жаппай жабылуымен ғана байланыстыратындар көп. Ал негізгі себеп – осы шекарамен байланысты шектеулер. «Елемеген бұтақ көзіңді ағызады» дейтін сөз бар қазақта. Үкіметтің осыдан 12 жыл бұрын қабылдаған қаулысы сол бұтақ боп көзімізді шығарайын деп тұр», – дейді ақсақал.

Ол айтып отырған 23-баптың бұл нормасы кодекске 2016 жылдың жер митингісінен кейінгі жер сатуға қарсы 5 жылдық мораторий біткен шақта енген. Оған дейін шекара белдеуінде шетелдіктердің ғана жер иеленуіне, жалға алуына тыйым болған.

Шекарадағы жерге құжат жүзінде Қазақстан азаматы иелік еткенмен, іс жүзінде шетелдік шаруашылық жүргізу мүмкін деген күдіктер айтылған сол кезде. Ақыры кез келген адамның шекара белдеуінде жерді жеке меншікке иеленуіне, жалға алуына тыйым енгізілді. Осы норма Үкіметтің 2014 жылғы қаулысымен қабысқан кезде Зайсан, Тарбағатай, Марқакөл аудандарындағы шекара белдеуінде жер иеленіп отырған тұрғындардың үйреншікті тірлігін қиындатып шыға келген. Жерді жалға алу мерзімі бітсе, қайта ұзартуға заң рұқсат бермейді.

Депутаттар не дейді

Мәселені шекаралық аудандардан шыққан Мәжіліс депутаттарына айтып көргенбіз. Бәрі проблеманы білетін болып шықты. Тіпті Ерлан Саировтың бастамасымен Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған жұмыс тобының алдына қойып, 5 рет жиналыс жасапты.

Депутат Ерлан Сайыров

«Әзірше Марқакөл, Зайсан, Тарбағатай аудандарындағы шекара белдеулерін халықтан алып қою туралы мәселе жоқ. Дегенмен құқықтық жағын реттейтін тұстар бар. Ол азаматтар бізге хат жазу керек. Соның негізінде шекарашылармен ресми түрде мәселені шешеміз. Шекарашылар қазірдің өзінде мал бағуға ешқандай шектеу болмайтынын айтып отыр. Егер ол ұстаным өзгеріп жатса, біз араласуға дайынбыз», – деді депутат.

Депутат Лұқбек Тұмашинов әріптесі айтқан жиынның бірінде белдеуде мал бағатын тұрғындар сондағы шекарашылардың жұмысына кедергі келтіріп жатыр деген уәж айтылғанын еске алды.

Депутат Лұқбек Тұмашинов

«Оның бәрі сондағы халықтың ата-бабасынан бері келе жатқан қоныстар. Сондықтан халықтың пайдасына реттейміз деп ойлаймын», – деді Мәжіліс өкілі.

Ермұрат Бапи шекаралық белдеу деген құқықтық терминнің артында тұтас бір ауданның жайлауындай алқап жасырынып жатқанын айтады.

Депутат Ермұрат Бапи

«Ол белдеуде бір ауылдың емес, тұтас бір ауданның жайлауы жатыр. Шектеуді Қытай тарабы емес, өзіміздің мемлекеттік органдар көтеріп отыр. Мемлекеттік қауіпсіздікпен байланысты мәселе дейді. Оның көбі өте шұрайлы алқаптар. Шабындыққа да, жайылымға да таптырмайды. Сондықтан иен қалдыруға болмайды. Пайдалану керек», – деген пайым айтты.

Белдеуге бір Люксембург еркін сыйып тұр

Депутат тұтас бір ауданның жайлауы деп отырған белдеуді Ауыл шаруашылығы министрлігі «халықты жайылыммен қамтамасыз ету тұрғысынан айтарлықтай практикалық маңызы жоқ» аумақ деп бағалап отыр.

Ресми сауалымызға берген ведомство жауабында тура осылай айтылған.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров

«Шекаралық белдеудің ені Ресей Федерациясымен, Қырғыз Республикасымен, Өзбекстан Республикасымен және Түрікменстанмен шекарада небәрі жүз метрді, ал Қытай Халық Республикасымен екі шақырымды құрайтынын ескерсек, аталған жерлердің халықты жайылыммен қамтамасыз ету тұрғысынан айтарлықтай практикалық маңызы жоқ», – деп анық жазған.

Депутат «бір ауданның жайлауы» деп, министрлік «практикалық маңызы жоқ» деп отырған Қазақстан-Қытай шекарасындағы белдеудің ауданын есептеп көрейік. Үкімет қаулысы бойынша, белдеудің ені кемінде 2 шақырым. Осы минималды көрсеткіштің өзін 1782 шақырым ұзындыққа көбейтсек, 3 564 шаршы шақырым аудан шығады. Бұл – қазіргі Астананың ауданынан 4 есе үлкен аумақ. Басқаша айтсақ, Еуропа төріндегі Люксембургтің аумағынан 1000 шаршы шақырым үлкен деген сөз. Ал бұл елде 650 мыңнан астам адам тұрады.

Шаруашылық тіліне салсақ, бұл аумақ 356 мың гектардан асады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қолданыстағы заңнамада жеке тұлғалар 35 мың гектардан, заңды тұлғалар 51 мың гектардан артық жер рәсімдей алмайтын норма бар. Осы лимитпен есептесек, Қазақстан-Қытай шекарасының бізге тиесілі белдеуіне 10 латифундист еркін сыйып тұр деген сөз. Министрлік мамандарының «халықты жайылыммен қамтамасыз ету тұрғысынан айтарлықтай практикалық маңызы жоқ» деп бағалауына осындай өлшем себеп болды ма деген ой келеді. Өйткені «қазір Қазақстан Республикасында халықтың және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының шекаралық белдеудегі жер учаскелерін пайдалануына қатысты арнайы есептілік жүргізілмейтінін хабарлаймыз, – делінген министрліктің жауабында.

Бірақ Зайсан, Тарбағатай, Марқакөл аудандарындағы Қытаймен шекара бойын жайлаған шаруа қожалық иелерін латифундист деуге әсте келмейді. Былтыр шекара белдеуінде жері бар зайсандықтар Астанаға ұжымдық өтініш жазған. Сол кезде құжатқа жүзден астам адам қол қойыпты.

Астанаға жолданған, жүзден астам адамның қол қойылған ұжымдық өтініш

«Қол қойғандарының өзі жүзден астам. Дер кезінде мәлімет жетпей, қол қойып үлгермегендер де баршылық. Қысқасы бұл ондаған шаруаның емес, жүздеген отбасының мәселесі. Біз тұратын Қаратал мен Үлкен қараталда 5 мыңға тарта халық бар, 700-850-дей отбасы тұрады. Соның 70 пайыздан астам малын жазда шекара белдеуіндегі жайлауға шығарады, – дейді Бақытбек Бейсембаев.

Қалай шешуге болады

 Шекара маңындағы тұрғындар мәселені шешудің екі түрлі жолын айтып отыр.

Біріншісі – шекаралық белдеудің өзін қайта қарау. Атап айтқанда, Қытаймен шекарадағы 2 шақырымдық белдеуді басқа бағыттардағыдай 100 метрге дейін қысқарту ұсынылады. Алайда бұл жайылым немесе жер мәселесінен бөлек, мемлекеттің қауіпсіздік саясатына қатысты стратегиялық шешім.

Сондықтан тұрғындардың бір тобы басқа жолды ұсынып отыр. Олардың пікірінше, шекаралық белдеуді толық шектеулі аймақ ретінде қарастырудың орнына, Қазақстан азаматтарына бұл аумақта өмір сүріп, шаруашылық жүргізу құқығын заң жүзінде нақты бекіту қажет.

Әңгіме бақылаусыз қоныстану туралы емес, мемлекет тарапынан тіркелетін, рұқсатпен жүзеге асатын тәртіп енгізу туралы болып отыр. Осы арқылы шекаралық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, шекара маңындағы ауылдардың босап қалуына жол бермеуге болады.

Идея авторлары бұл құқық нақты талаптармен реттелуге тиіс дейді. Атап айтқанда, шекаралық белдеуде орналасқан қыстақтар мен тұрғын үйлердің көлеміне шектеу енгізу (мысалы, 80-100 шаршы метр), оларды нақты тұрғындармен және шаруашылық қызметімен байланыстыру қажет деп отыр. Белдеуге кіруге рұқсат беру рәсімі онсыз да цифрландырылғандықтан бұл шараларды іске асыру соншалық қиындық туғызбайтынына сенімді тұрғындар.

Ал шетел азаматтарына қатысты қолданыстағы шектеулерді сақталу керек. Яғни шекаралық белдеу режимі сыртқы факторларға қатысты өзгермей, ішкі пайдалануға ғана бейімделу қажет.

«Бұл да мүмкін болмаса, шекара белдеуін пайдалану қағидаты қатаңдатылмай тұрып жалға телім алған адамдарға мерзімді ұзарту мүмкіндігін берсе екен. Қазірдің өзінде бірнеше жерлесіміз жерге жауапты органдардан «отказ» алып үлгерді. Ал мал бағатын, шөп шабатын жерің болмаса, шекара іргесінде өмір сүрудің мәні де жоқ. Шекараны күзетудің ғасырлар дәлелдеген сенімді жолы – бос қалдырмау, – дейді Бақытбек Бейсембаев.

Back to top button