$ 447.94 € 502.32 ₽ 5.52
TOP-1Жаңалықтар

Сапасыз бензин көлікті бүлдірсе иесі шығынды өндіре алады

Елде сапасыз бензиннің салдарынан көлігі бұзылған жүргізушілер жөндеуге жұмсалған шығынды өтеуді талап ете алады. Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында мұндай жағдайда кім жауапты екенін және жүргізушілердің қандай құқықтары барын түсіндірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Көлікке келген шығынды кім өтейді

Үкімет басшысының айтуынша, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 31-бабына сәйкес, сапасыз тауардың салдарынан тұтынушының өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне зиян келсе, сатушы оны өтеуге міндетті. Тауардың кемшілігі расталған жағдайда сараптама шығындары да өтелуге тиіс.

Ал Азаматтық кодекстің 947 және 948-баптарына сәйкес, тауардың кемшілігінен келген зиян сатушының немесе өндірушінің кінәсіне қарамастан өтеледі. Жүргізуші шығынды өтеуді жанармай сатқан компаниядан немесе оны өндірген кәсіпорыннан талап ете алады.

Бұл ретте көлік иесі бензиннің сапасын нақты кім нашарлатқанын өз бетінше анықтауға міндетті емес. Оны тиісті тексерулер арқылы уәкілетті органдар анықтайды. Дегенмен өтемақы алу үшін жанармайдың сапасыздығы мен көлікке келген зиянның арасындағы байланыс расталуы қажет.

Сапасыз бензин сатқандарға қандай жаза бар

Олжас Бектеновтің сөзінше, техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін өнімді айналымға шығарғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 415-бабында жауапкершілік қарастырылған.

Сондай-ақ кодекстің 281-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, талапқа сай келмейтін мұнай өнімдерін айналымға шығарғаны және оларды кейіннен қайта өңдемей сақтағаны үшін әкімшілік жаза көзделген. Мұндай жағдайда мұнай өнімдері мен олардан түскен табыс тәркіленуі мүмкін.

«Жанармайдың белгіленген талаптарға сәйкес келмейтіні анықталған жағдайда кінәлі тұлға мемлекеттік бақылау мен зертханалық зерттеулердің нәтижелері негізінде айқындалады», – дейді премьер-министр.

Үкімет жанармай сапасына бақылауды күшейту үшін арнайы тергеп-тексеру тетігін енгізуді де жоспарлап отыр.

Тиісті заңнамалық түзетулерді жақын арада Құрылтай депутаттары қарайды. Жаңа тетік заңбұзушылықтардың нақты себептерін анықтауға және жанармайдың өндірушіден тұтынушыға дейінгі жеткізілуін қадағалауға мүмкіндік бермек.

Еске салсақ, депутат сапасыз бензиннен сан соққан азаматтарды қорғау тетігін қалыптастыруды ұсынған еді.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button