АЭС-ті шамамен 10 жылда салып бітеді – Сәтқалиев
Владивосток қаласында өтіп жатқан XI Шығыс экономикалық форумы аясында Қазақстанда атом электр станциясын жобалап, оны салу жөніндегі келісімшартқа қол қойылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қол қою нені білдіреді
Құжатқа «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС мен «Росатом» мемлекеттік атом энергиясы корпорациясының еншілес кәсіпорны – «Атомстройэкспорт» АҚ арасында қол қойылды.
Келісімшартқа қол қою рәсімі Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёвтың қатысуымен өтті.
Келісімшартқа қол қою Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысы жобасының жаңа практикалық кезеңге өткенін білдіреді.
АЭС маңызы қандай
Биыл 28 мамырдағы үкіметаралық келісімге сәйкес, тараптар белгіленген рәсімдерді, соның ішінде Қазақстан Үкіметімен қажетті келісуді жүзеге асыруға кіріседі.
«АЭС жобасын іске асыру ел үшін стратегиялық маңызға ие. Экономиканың, өнеркәсіптің, инфрақұрылымның, цифрландырудың және жасанды интеллектінің дамуына байланысты Қазақстанның сенімді әрі тұрақты электр энергиясына деген қажеттілігі кезең-кезеңімен арта түседі. Атом энергетикасы алдағы онжылдықтар бойы тұрақты базалық электр энергиясын өндіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.
Құрылыс қаншаға созылады
АЭС құрылысы елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін нығайтуға, өнеркәсіптік және технологиялық әлеуетін дамытуға, кадрлық резерв қалыптастыруға және елдің технологиялық егемендігін нығайтуға бағытталған ұзақ мерзімді саясатының маңызды бөлігі. Алмасадам Сәтқалиев ауқымды жұмыс қашан басталатынын айтты.
«Құрылысты 2027 жылы бастауды жоспарлап отырмыз. Жобаны іске асыру кестесіне сәйкес, құрылыс он жыл ішінде аяқталып, алғашқы энергоблокты пайдалануға беру көзделіп отыр», – деді Сәтқалиев.