Қазақстанның қаржылық тұрақтылығы туралы сөз болғанда Ұлттық қордың активтері туралы көп айтылады. Алайда күнделікті экономикалық тұрақтылыққа тікелей әсер ететін негізгі көрсеткіш – Ұлттық банктің алтын-валюта резерві. Ол теңге бағамын құбылтпай ұстап, экономикаға сырттан төнген соққыларды «жұмсартуға», қысқа мерзімге алған қарыздарды уақытында төлеуге мүмкіндік береді. Геосаясат Ұлттық банктің стратегиясын қалай өзгертіп жатқаны жайлы мәселеге Tizgin.kz үңіліп көрді.
Қазақстанның алтын-валюта резерві құбылмалы. Мысалы, 2022 жылдың басында оның көлемі $34,4 млрд болды. Жыл ортасына қарай ол біртіндеп төмендеп, шілдеде $32 млрд-қа дейін түсті. Күзде аздап қалпына келіп, қазан айында $32,6 млрд-қа жеткен.
2023 жылдың басында өсім жалғасып, сәуірде $36,2 млрд болды. Алайда шілдеде $34,5 млрд-қа, ал қазан айында $31,9 млрд-қа дейін қысқарған.
2024 жылы қайта өсіп, қазан айында $44,6 млрд-қа дейін көтерілген. 2025 жылы $57,4 млрд-қа жетті.
Осылайша кейінгі 4 жылда резерв 2 рет азайып, 2 рет қайта толыққан. Соңғы дерек бойынша оның көлемі $70 млрд-тан асқан. Әлемдегі геосаяси жағдай ушығып, дағдарыс тәуекелі артқан кезде Ұлттық банк алтын сатып алуды үдетіп, былтыр әлемде екінші орынға шықты. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бұл саясаттың мәнін Atameken Business арнасына берген сұхбатта былай түсіндіреді:
“Қазір алтын-валюта-қорымыз Ұлттық қордан үлкен. Өйткені оны жұмсап жатқан жоқпыз, жұмсай алмаймыз да. Мемлекеттік кірістің жетіспей қалған бөлігін Ұлттық қордан толтырсақ, алтын-валюта резервін валюта интервенциясына ғана жұмсай аламыз. Әзірге үлкен көлемде интервенция жасауға тура келіп жатқан жоқ. Былтыр маусымда 126 млн теңгеге ғана интервенция жасап, теңге бағамын жылдам тұрақтандырдық. Соның арқасында резервіміз жинақтау режимінде жұмыс істеп тұр. Резервтегі алтын қорының көлемі де, нарықтағы бағасы да қорымызды бекем етіп тұр.
Мұның себебін Ұлттық банк басшысы былай түсіндіреді:
“Былтырдан бері сауда соғыстары басталып, осы тұрақсыздық ұзаққа созылған кезеңде орталық банктердің бәрі жинаған ұлттық резервті тұрақты ете түсетін актив іздеуге көшті. Доллар бұрынғы мәртебесінен айырыла бастағандықтан банкирлер алтынға көбірек ақша сала бастады. Осының әсерінен қазір орталық банктердің активіндегі бұл металдың үлесі тарихи максимумға жетті. Бізде қазірдің өзінде резервтегі алтынның үлесі 70 пайыздан жоғары”.
Тимур Сүлейменов резервтің құрылымын кейін қайта әртараптандыру қажет болатынын да атап өтті.
“Бірақ бәрін 100 пайыз алтынмен сақтай алмаймыз. Өйткені бұл металл қанша тұрақты десек те, қосымша табыс әкелетін пайыздық төлемдері жоқ. Оның үстіне қысылған кезде үлкен көлемде оңай сата алмайсың. Сондықтан резервтің құрылымы өте дұрыс болу керек. Сонда ғана резерв молайып, экономиканың тұрақтылығын берік ұстай алады.
Геосаяси жағдай қазіргіден тыныштау болған 2023 жылы резервтегі алтынның үлесі 60-65 пайыздай болатын. Біртіндеп 50 пайызға дейін түсіреміз деп ойлағанбыз. Бірақ сол жылдың аяғында әлемдегі жағдай ушықты да, көрсеткіш 70-75 пайызға дейін жетіп отыр. Әрине, ерте ме, кеш пе оны әртараптандыруға тура келеді, – дейді Ұлттық банк басшысы.
Тимур Сүлейменовтің сөзінше, резервтің 350 млн доллары криптоактивке салынған.
Қарапайым тілмен айтсақ, алтын-валюта резерві – елдің «қауіпсіздік жастығы». Көлемі әр адамның күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Алтын-валюта резерві көп болса, теңге күрт құнсызданбайды, баға баяу өседі, экономика күйзеліске оңайлықпен түсе қоймайды.
Ал резерв жеткіліксіз болса немесе түгесілсе, тұтас бір елдің экономикасы дефолтқа ұшырап жатады. Мысалы, 2022 жылы Шри-ланканың резерві 7 млрд доллардан нөлге жақындап, сырттан алатын импортына ақша таба алмай қалды. Кейін сыртқы қарыздарын жаба алмай, дефолт жариялады. Осыған ұқсас жағдай Аргентинада 2001, 2014, 2020 жылдары үш рет қайталанды.
Түйіндесек, Қазақстан алтын-валюта резервін байығаннан көбейтіп жатқан жоқ – тәуекелдерден сауатты қорғанып отыр