Жаңалықтар

Ресейдегі ең ірі – Омбы мұнай зауыты дрон шабуылынан кейін жұмысын тоқтатты

Ресейдегі ең ірі мұнай өңдеу кәсіпорындарының бірі – Омбы мұнай өңдеу зауыты (МӨЗ) украиналық дрондардың шабуылынан кейін жұмысын уақытша тоқтатты. Бұл туралы Reuters агенттігі салалық дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.

Зауыттағы жағдай

Санкт-Петербург халықаралық тауар-шикізат биржасының мәліметінше, Омбы мұнай өңдеу зауыты 7 шілдеден бастап бензин мен дизель отынын биржа арқылы сатуды тоқтатқан. Reuters дерегіне сәйкес, кәсіпорында мұнайды бастапқы өңдеуге арналған тағы бір қондырғы – УПП-11 де тоқтатылған. Ол зауыттың жалпы өндірістік қуатының шамамен 37 пайызын қамтамасыз етіп, тәулігіне 24 мың тонна мұнай өңдей алады.

Дереккөздердің айтуынша, қондырғының өзі зақымданбағанымен, оның жұмысына қажетті инженерлік желілер бүлінген. Сондықтан өндіріс уақытша тоқтатылған. Сонымен қатар 2023 жылы іске қосылған ЦДУ-11 қондырғысы жақын уақытта қайта іске қосылуы мүмкін екені айтылды.

Кәсіпорында бұдан бөлек, тәулігіне әрқайсысы 10 мың тонна мұнай өңдей алатын ЦДУ-7 және ЦДУ-8 резервтік қондырғылары бар. Теориялық тұрғыдан оларды қайта іске қосуға мүмкіндік бар.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Омбы мұнай өңдеу зауыты 22 миллион тонна мұнай өңдеп, тәулігіне шамамен 440 мың баррель өнім өндірген. Оның ішінде 5 миллион тонна бензин және 8 миллион тонна дизель отыны шығарылған.

Ресейдегі жанармай нарығына бұл фактор қалай әсер етеді

Reuters мәліметінше, шабуыл кезінде мұнайды бастапқы өңдейтін УПП-10 қондырғысы да зақымданған. Оның өндірістік қуаты тәулігіне 24 580 тоннаны құрайды және зауыттың жалпы қуатының шамамен 38 пайызын қамтамасыз етеді.

Агенттік бағалауынша, Ресейдегі ең ірі бензин өндіруші зауыттың жұмысының тоқтауы елдегі жанармай тапшылығын күшейтуі мүмкін.

Омбы мұнай өңдеу зауыты Украина шекарасынан шамамен 2 500 шақырым қашықтықта орналасқан. 6 шілдедегі шабуыл Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталғалы бері ең алыс қашықтықтағы соққылардың бірі саналады.

Қазақстанға әсері бар ма?

Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевтың айтуынша, Омбы мұнай өңдеу зауытына жасалған шабуыл Қазақстанның ішкі жанармай нарығына қауіп төндірмейді.

Оның сөзінше, еліміздегі барлық мұнай өңдеу зауыттары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Өңірлерге қажетті көлемде жанар-жағармай мен сұйытылған мұнай газы жеткізілген. Осыған байланысты Қазақстанда жанар-жағармай тапшылығы болмайды және ішкі нарық толық қамтамасыз етілген.

Back to top button