TOP-2Жаңалықтар

Құрылтайға әр партия қанша депутаттан кіргізе алады – есеп

Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарын сайлаудың алдын ала нәтижелерін жариялаған соң Tizgin.kz порталы сол нәтижеге сүйене отырып, әр партия қанша депутаттан Құрылтайға кіргізе алатынын болжаммен есептеп көрді.

Математикалық есеп бойынша, «Әділеттің» мандат бөлу кезінде есепке алынатын дауыстардағы үлесі 76,27 пайызды құрайды. Бұл партияға 110,59 мандаттық үлес береді. Соның нәтижесінде «Әділет» Құрылтайға 110 депутат кіргізуі мүмкін.

«Ауыл» партиясының есепке алынатын дауыстардағы үлесі – 6,71 пайыз. Оның нәтижесі 9,73 мандатқа тең болғандықтан, партияға 10 орын тиеді деп болжанып отыр.

Respublica партиясының үлесі 5,95 пайызды құрап, 8,63 мандаттық көрсеткішке жетеді. Осыған сәйкес партия Құрылтайдан 9 орын алуы мүмкін.

«Ақ жолдың» үлесі – 5,58 пайыз. Партияның есептік көрсеткіші 8,10 мандатты құрайды. Сондықтан оған 8 депутаттық орын тиеді.

ЖСДП-ның мандат бөлуге қатысатын дауыстардағы үлесі 5,48 пайызға тең. Бұл 7,95 мандаттық көрсеткіш болғандықтан, партия Құрылтайға 8 депутат кіргізуі ықтимал.

Алғашқы есептеу кезінде партияларға бүтін бөлігі бойынша 142 мандат үлестіріледі. Қалған үш орын бөлшек қалдығы ең жоғары партияларға беріледі. Бұл көрсеткіш бойынша қосымша мандаттар ЖСДП, «Ауыл» және Respublica партиясына тиеді.

Екі партия мандат бөлуге қатыспайды

Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметі бойынша, сайлауға 9 351 539 адам қатысқан. Бұл – дауыс беру құқығы бар азаматтардың 74,8 пайызы.

Партиялар жинаған дауыс:

  • «Әділет» – 6 528 948 дауыс немесе 71,17 пайыз;
  • «Ауыл» – 574 621 дауыс немесе 6,26 пайыз;
  • Respublica – 509 631 дауыс немесе 5,56 пайыз;
  • «Ақ жол» – 478 083 дауыс немесе 5,21 пайыз;
  • ЖСДП – 469 058 дауыс немесе 5,11 пайыз;
  • ҚХП – 285 395 дауыс немесе 3,11 пайыз;
  • «Байтақ» – 97 751 дауыс немесе 1,07 пайыз;
  • «Бәріне қарсы» – 230 446 дауыс немесе 2,51 пайыз.

Осылайша, «Әділет», «Ауыл», Respublica, «Ақ жол» және Жалпыұлттық социал-демократиялық партия бес пайыздық сайлау шегінен өтті.

Ал ҚХП мен «Байтақ» белгіленген межеге жете алмағандықтан, Құрылтайдағы депутаттық мандаттарды бөлуге қатыспайды. «Бәріне қарсы» берілген дауыстар да мандат есебіне қосылмайды.

Бес пайыздық межеден өткен партиялар жиынтығында 8 560 341 дауыс жинаған. Демек, 145 мандат осы бес саяси ұйымның арасында бөлінеді.

Құрылтай сайлауы

Құрылтай депутаттарының сайлауы 23 тамызда өткізілді. Жеті партия 145 орын үшін таласып, ең көп дауысты “Әділет” партиясы (6 528 948 (71,17 пайыз)) ең көп дауысты иеленді.

Back to top button