Қуат Хамитов қызметке тағайындалды
Ол Алматы облысы күрес федерациясының вице-президенті болды
Аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов Алматы облысының күрес федерациясының вице-президенті болып сайланды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Федерация басшылығына келді
Жаңа тағайындау туралы федерацияның әлеуметтік желідегі парақшасында хабарланды.
Қуат Хамитов жаңа қызметінде өңірдегі күрес спортын дамытуға, жаттығу сапасын арттыруға және жас балуандарды қолдауға атсалысады. Сондай-ақ спорт инфрақұрылымын жетілдіру мен жаңа дарындарды дайындау жұмысына басымдық беріледі.
Қуат Хамитов жайлы
40 жастағы Қуат Хамитов – «Найман» лақап атымен танылған қазақстандық кәсіпқой ММА шебері. Оның негізгі спорттық бағыты – күрес. Хамитов аралас жекпе-жектегі кәсіби мансабын 2011 жылы бастап, Alash Pride, ONE Championship, Fight Nights Global, ACA және RCC секілді халықаралық ұйымдардың турнирлерінде өнер көрсетті.
Sherdog дерекқорында спортшының кәсіпқой ММА-дағы 25 жеңісі, 9 жеңілісі және бір тең нәтижесі көрсетілген. Ол 12 қарсыласын ауырту немесе қылқындыру әдісімен, жетеуін нокаутпен жеңген.
Қуат Хамитов соңғы жекпе-жегін 2026 жылғы ақпанда Грузияда өткізіп, бразилиялық Алан Сильваны төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді.