«Қазақстан темір жолы» ұлттық теміржол компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Ерлан Қойшыбаев Сенаттағы үкімет сағатында кәсіпорынның баланстық қарызы 3,8 трлн теңге, ал номиналды қарызы 4,7 трлн теңге екенін айтты. Tizgin.kz порталы компанияның 2025 жылғы шоғырландырылған есебіне сүйене отырып, осынша қарыздың қалай қордаланғанын талдап көрді.
3,8 трлн теңгенің астарында қандай ауыртпалық жатыр
ҚТЖ қарызының негізгі бөлігі екі үлкен тармақтан тұрады: займдар – 1,909 трлн теңге, облигациялар – 1,276 трлн теңге. Сонда негізгі жалпы қарыз 3,186 трлн теңге болады. Бұл – банктер мен инвесторлардан тікелей алған ақша. Оның сыртындағы лизинг міндеттемелері де қарызға жатады. Сомасы – 270 млрд теңге. Сонда ҚТЖ 2025 жылды 3,46 трлн теңге көлеміндегі баланстық қарызбен қорытындылады деген сөз.
Есепте ұлттық теміржол компаниясы 2026 жылдың басында тағы шамамен 320 млрд теңге жаңа қарыз алғаны жазылған. Осыны қосып есептегенде баланстық борыштың жалпы мөлшері 3,78 трлн теңгеге жетеді. Бұл – Сенатта айтылған 3,8 трлн теңгеге өте жақын сома.
Валюта тәуекелі
ҚТЖ қарызды негізінен шетел валютасымен алған. Мысалы, швейцариялық франкпен алынған займдар көлемі – 911 млн CHF. Теңгеге шақсақ, шамамен 534 млрд теңге және 2035-2040 жылдарға рәсімделген.
Доллармен шығарылған еурооблигациялар көлемі – 882,9 млн доллар (449 млрд теңге).
Еуромен алынған қарыз да айтарлықтай:
- Societe Generale және Natixis банктері арқылы жасалған келісімдердің жалпы көлемі 1,3 млрд еуродан асады (650-700 млрд теңге).
Қытай бағыты:
- China Development Bank қатысқан келісім құны 3,56 млрд юань (шамамен 230–250 млрд теңге);
- Exim Bank of China қатысқан 2026 жылғы келісім құны 2,22 млрд юань (шамамен 158,7 млрд теңге).
ҚТЖ-ны қаржыландырып отырған негізгі кредиторлар қатарында:
- Францияның (Societe Generale мен Natixis);
- Қытайдың (China Development Bank және Exim Bank of China) банктері;
- IFC (Халықаралық қаржы корпорациясы) пен AIIB (Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі) сияқты халықаралық институттар;
- Standard Chartered (Ұлыбританияға тиесілі халықаралық банк);
- Deutsche Bank (Германия);
- Santander (Испания) бар.
ҚТЖ 2025 жылы 811 млрд теңге көлемінде жаңа займ тартып, бұрынғы борыштың 378 млрд теңгесін өтеген. Сонда борыштың бір жылдағы таза өсімі шамамен 432 млрд теңге.
4,7 трлн теңге қайдан шықты
4,7 трлн теңге – бұл негізгі қарыз бен болашақ пайыздық төлемдердің жиынтық сомасы. ҚТЖ қарызының баланстық көлемі 3,8 трлн теңге болып көрінгенімен, бұл компания есепте көрсететін ағымдағы қарыз мөлшері ғана. Басқаша айтсақ, қарыз тарту арқылы қолына тиген сома. Ал 4,7 трлн теңге – сол қарыздарды толық өтеу үшін қайтарылатын нақты сома.

Бұл айырмашылықтың астарында қарыздың бастапқыда толық көлемде берілмеуі, пайыздық төлемдер мен валютаға байланысты шығындардың әсері жатыр.
4,7 трлн теңге қарыз – әртүрлі валютамен алынған халықаралық займдар, облигациялар, лизинг міндеттемелері мен жыл сайын тартылатын жаңа қарыздардың жиынтығы.
Жылдық табыс жалпы қарыздан 4,3 есе кем
Компания бұл қарызын қайтаруға қауқарлы ма? ҚТЖ-ның қаржылық жағдайын дәлірек бағалау үшін қарызды EBITDA (пайыздар, салықтар мен амортизацияға дейінгі пайда) көрсеткішімен салыстыру қажет. Бұл көрсеткіш шамамен 880 млрд теңге болып тұр. Ал Debt/EBITDA (жалпы қарыздың EBITDA-ға қатынасы) коэффициенті 4,3 деңгейінде қалыптасқан.
Бұл халықаралық тәжірибеде тәуекелі жоғары, бірақ басқарылатын деңгей саналады. Яғни компания қарыздары бойынша пайыздық төлемдерді уақтылы өтеуге қауқарлы. Дегенмен, қарыздың басым бөлігі шетел валютасында болғандықтан, теңге бағамы күрт құлдыраса борыш жүктемесі ауырлап шыға келуі мүмкін.