«Қазіргі диплом – қымбат анықтама ғана»: Аймағамбетов жоғары білім жүйесін сынады
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жоғары білім беру жүйесін жаңғыртпайынша, дипломның құны төмендей беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Үкімет сағатында сөйлеген депутаттың айтуынша, жасанды интеллект дәуірінде дәстүрлі білім беру тәсілдері өзектілігін жоғалтып барады. Сөзінше, қазіргі студент ЖИ көмегімен бірнеше минуттың ішінде кез келген дипломдық жұмыстан артық талдау жасай алады. Сондықтан ендігі басты құндылық – адамның өзіне тән дағдылар болуы керек.
Аймағамбетов оқытушылардың қазіргі жағдайда жаңа технологияларды меңгеруге мүмкіндігі шектеулі екенін де ашық айтты.
«Цифрландыру болды десек те, іс жүзінде бюрократия азайған жоқ – ол тек қағаздан электронды форматқа ауысты. Профессор жаңа құралдарды қашан игермек? Оған уақыт та жоқ, материалдық стимул да жоқ, методикалық қолдау да жетіспейді. Соның салдарынан, бүкіл жоба жай ғана есеп беру жүйесіне айналуы мүмкін», – деді депутат.
Оның пікірінше, қазіргі жүйеде көрсеткіштер көбіне формалды сипатқа ие. Университеттер нақты дағды емес, есеп үшін көрсеткіш жинауға бейімделіп кеткен.
«Университеттер «100 пайыз қамтыдық» деп, жүздеген мың сертификаттармен мақтанудан, нақты құзыреттілік жетерліктей өспейді», – деді ол.
Депутат қазіргі жағдайда жоғары оқу орындары түбегейлі өзгеруі тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, жасанды интеллект барлық білім беру бағыттарына енгізілуі қажет.
«Енді жасанды интеллектпен жұмыс істеуді қамтымаған диплом – бұл адамның төрт жыл бойы тек ғимаратқа барып-келгенін растайтын қымбат анықтама ғана болмақ. Бұл мақсат жоғары оқу орындарының қазіргі үлгісін қайта қарауды талап етеді», – деді Аймағамбетов.
Сондай-ақ депутат ЖИ дәуірінде білім беру жүйесінің басты мақсаты маман даярлау емес, өмір бойы білім алуға қабілетті тұлға қалыптастыру болуы керек екенін, адам өз бетінше ойлану, қайта оқу қабілетін сақтап қалуы тиіс екенін атап өтті.