$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
TOP-2Экономика

«Қазақтелеком» Қытай юанімен 76,4 млрд теңге қарыз алды

«Қазақтелеком» юаньмен тартқан қаржысының шарттарын жариялады

2026 жылдың шілдесінде «Қазақтелеком» тобы банктен несие алып, облигация шығару арқылы 1,095 млрд Қытай юанін тартқан. Компанияның бірінші жартыжылдықтағы шоғырландырылған қаржылық есебінде көрсетілген баламалар бойынша бұл сома шамамен 76,4 млрд теңге болады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Үш жылға жылдық 2,9%-бен несие алған

17 шілдеде топ China Construction Bank Corporation банкінің Астанадағы филиалынан 675 млн юань несие алған. Есепте бұл соманың теңгемен баламасы 46,791 млрд теңге деп көрсетілген. Несие үш жылға – 2029 жылдың 17 шілдесіне дейін берілген. Жылдық мөлшерлемесі 2,9% деңгейінде бекітілген.

Кредит желісін ашу туралы келісімге бір күн бұрын, 16 шілдеде қол қойылған. Есептің есепті күннен кейінгі оқиғаларға арналған бөлімінде бұл несиенің қандай мақсатқа алынғаны көрсетілмеген.

Юань қымбаттаса, қарызды өтеуге көбірек теңге қажет

Топ тағы 420 млн юань, яғни 29,568 млрд теңгені 14 шілдеде Astana International Exchange биржасында купондық қамтамасыз етілмеген облигациялар орналастыру арқылы тартқан. Облигациялардың айналым мерзімі – бес жыл, жылдық мөлшерлемесі – 4,2%. Қаржылық есепке сәйкес, түскен қаражат топтың ағымдағы міндеттемелерін қайта қаржыландыруға арналған.

Сол айда топ бұрын алған қарызының бір бөлігін де өтеген. Атап айтқанда, 3 шілдеде KZTKb4 облигациялары бойынша толық есеп айырысып, 80 млрд теңге негізгі борышты және соңғы купон бойынша 4,6 млрд теңге сыйақыны төлеген. Ал 14 шілдеде AIX биржасында орналастырылған облигациялардың 30 млрд теңгелік үшінші траншын мерзімінен бұрын сатып алған. Жаңа міндеттемелер бойынша бекітілген мөлшерлемелер юаньмен төленетін пайыздық төлемдерді алдын ала есептеуге мүмкіндік береді. Алайда бұл төлемдердің теңгемен есептелген сомасы валюта бағамына да байланысты: юань қымбаттаса, қарызды өтеуге көбірек теңге қажет болады. Сондықтан жылдық 2,9% және 4,2% мөлшерлемелердің өзі қаржыландырудың ұлттық валютадағы толық құнын көрсетпейді.

Back to top button