TOP-2БілімЖаңалықтар

Қазақстанның бастауыш сыныптарында бағалау жүйесі өзгереді

Министрлік барлық оқулықтардың сапа талаптарына толық сәйкес келуі үшін қосымша уақыт қажет екенін атап өтті.

Қазақстан мектептерінде 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап бастауыш сыныптарда оқушылардың білімін бағалау жүйесі өзгереді. Бұл туралы Tizgin.kz порталы Informburo.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

1–4 сыныптарды бағалаудың жаңа жүйесі енгізіледі

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, министрлік пен Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ата-аналар мен мұғалімдердің өтініштерінен кейін бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесінің тиімділігіне талдау жүргізген. Зерттеу барысында мектептердегі оқыту тәжірибесі, педагогтердің кәсіби пікірі, 4-сынып оқушыларының оқу жетістіктерін бағалау мониторингінің нәтижелері және балалардың жас ерекшеліктері ескерілді.

Жүргізілген талдау жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) бастауыш сынып оқушыларының оқу жетістіктерін толық көрсете алмайтынын, сондай-ақ балаларға қосымша оқу және эмоционалдық жүктеме түсіретінін көрсеткен.

Осыған байланысты 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап 1–4-сынып оқушыларының оқу жетістіктерін бастапқы, аралық және тоқсан қорытындысы бойынша бағалау тәсілдері мен формалары қайта қаралады.

Бастауыш сынып оқушылары енді қалай бағаланады?

Министрлік жаңа жүйеде оқушылардың білімін бағалау үшін олардың жас ерекшеліктеріне сәйкес келетін түрлі ағымдағы бақылау түрлері қолданылатынын хабарлады.

Атап айтқанда, бағалау:

  • диктанттар;
  • мазмұндамалар;
  • бақылау жұмыстары;
  • практикалық жұмыстар;
  • шығармашылық жұмыстар арқылы жүргізіледі.

Ведомствоның пікірінше, бұл тәсілдер пәндік білім деңгейін объективті бағалауға, оқушылардың оқу және жазу сауаттылығын анықтауға, функционалдық сауаттылығын, танымдық қабілеттерін, сыни ойлауын және коммуникативтік дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.

Оқулықтардан 700-ден астам қателік анықталды

Министрліктің хабарлауынша, барлық оқулықтар қосымша сараптамадан өткен. Сараптама нәтижесінде 700-ден астам ескерту мен түрлі қателік анықталған.

Қазіргі уақытта баспалар мен сарапшылар қауымдастығы анықталған кемшіліктерді түзету жұмыстарын жалғастыруда. Сондықтан оқулықтар әзірге толық бекітілмеген.

Министрлік барлық оқулықтардың сапа талаптарына толық сәйкес келуі үшін қосымша уақыт қажет екенін атап өтті.

2027 жылға дейін бірнеше сыныптың оқулықтары жаңартылады

2026 жылғы 30 тамызға дейін 3-сыныптарға арналған:

  • «Қазақ тілі»;
  • «Орыс тілі»;
  • «Математика»;
  • «Дүниетану»;
  • «Әдебиеттік оқу»;
  • «Музыка» пәндерінің оқулықтары, сондай-ақ 7-сыныпқа арналған «Дүниежүзі тарихы» оқулығы сатып алынады.

Мұғалімдер қажетті оқулықтарды Etandau.gov.kz электрондық платформасы арқылы таңдаған. Әкімдіктер өтінімдерді қалыптастырып, жеткізуді ұйымдастыру үшін баспаларға жолдаған. Сонымен қатар өңірлерде оқушылар санының артуына және кітапхана қорларын жаңартуға байланысты өзге сыныптарға арналған оқулықтарды қосымша сатып алу жүргізіліп жатыр.

Келесі кезеңде:

  • 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін – 4 және 9-сыныптардың;
  • 2027 жылғы 1 сәуірге дейін – 8-сыныптардың оқулықтары жаңартылады.
Back to top button