Қазақстандықтар үй алуды азайтты ма: нарықта өзгеріс байқалды
Шілде айында елде үй сатып алу-сату мәмілелерінің саны 4,9%-ға азайған. Ұлттық статистика бюросы осы айда 37 158 мәміле тіркелді деген мәлімет бөлісті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Алматы көш бастап тұр
Маусым айында бұл көрсеткіш 39 053 болған. Қызығы сол, нарықтағы мәмілелердің көбі әдеттегідей Алматы мен Астанаға тиесілі:
- Алматы – 7 263 мәміле
- Астана – 6 99
- Қарағанды облысы – 2 688
Ең төменгі көрсеткіш
Ұлытау облысында небәрі 311 мәміле тіркелген. Бұл ең төмен көрсеткіш. Әр өңірдегі жағдай әртүрлі. Шілде айында маусыммен салыстырғанда мәмілелер саны Шымкент (+14,2%), Батыс Қазақстан (+14%), Жамбыл облысында (+11,5%) жиі тіркелді.
Ал Маңғыстау (-33,7%), Қарағанды (-28,7%), Түркістан (-22,4%) облыстарындағы көрсеткіш ең үлкен құлдырау деп бағаланды.
Пәтер нарығында да төмендеу байқалады. Өткен айда 28 575 пәтер бойынша мәміле жасалған. Бұл барлық тұрғын үй мәмілелесінің 76,9%-ын құрайды. Ал сатып алушылар арасында ең сұраныста болғаны – екі бөлмелі пәтерлер. Бір айда осындай 11 056 мәміле тіркелген.
Қаңтар мен шілдедегі өзгеріс
Маңыздысы сол, бұл тек бір айдағы құбылыс емес. Биыл шілдеде тұрғын үй мәмілелері өткен жылдың шілдесімен салыстырғанда 6,5%-ға азайған.
Ал қаңтар-шілде аралығында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мәмілелер саны 2,6%-ға төмендеді. Яғни, Қазақстанда тұрғын үй нарығы біртіндеп баяулап бара жатқанын статистика көрсетіп отыр.