$ 441.88 € 503.61 ₽ 5.24
Жаңалықтар

Қазақстанда радиация қалай бақыланып, АЭС алаңы қалай қадағаланады

2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда радиациялық бақылау деңгейлерінің асып кетуі тіркелмеген. Гамма-сәулелену дозасының орташа қуаты сағатына 0,13 микрозиверт болып, бақылау деңгейінен шамамен 4,4 есе төмен көрсеткішті құраған. «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Энергетика тобының жетекші инженері Мәди Азбергенов осы жөнінде пікірін бөлісті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Маманның айтуынша, әлеуметтік желілерде радиация туралы ақпарат көбіне өлшем бірлігі, өлшеу жүргізілген жағдай мен түсіндірме көрсетілмей таралады. Ал нақты қорытынды жасау үшін бір ғана сан жеткіліксіз: оның қай жерде, қандай құралмен және қандай жағдайда алынғанын білу қажет.

Қазақстандағы радиациялық фон қалай бақыланады

Табиғи радиациялық фон барлық жерде бар. Оны ғарыштық сәулелену, сондай-ақ топырақта, суда, ауада және тау жыныстарында кездесетін табиғи радионуклидтер қалыптастырады. Оның деңгейі жердің геологиялық ерекшелігіне, теңіз деңгейінен биіктігіне, ауа райы мен жыл мезгіліне қарай өзгеріп отырады. Сондықтан дозиметрдің белгілі бір көрсеткішті тіркеуі өздігінен қауіп бар дегенді білдірмейді. Алынған нәтижені сол аумақтың табиғи радиациялық фонымен және қолданыстағы нормативтермен салыстыру керек.

Мәди Азбергенов келтірген «Қазгидромет» деректеріне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында гамма-фон күн сайын 89 метеорологиялық станцияда және 9 автоматты бақылау бекетінде өлшенген. Бұған қоса, елдің 17 облысындағы 43 станцияда радиоактивті түсімдерге бақылау жүргізілген.

Осы кезеңде гамма-сәулелену дозасының орташа қуаты сағатына 0,13 микрозивертті құраған. Ал бақылау деңгейі — сағатына 0,57 микрозиверт. Яғни орташа көрсеткіш одан шамамен 4,4 есе төмен болған.

Мемлекеттік мониторинг гамма-фонды өлшеумен шектелмейді. Атмосфералық жауын-шашындағы радиоактивті заттардың мөлшері де бақыланады. Мамандар әр бекеттен алынған деректерді салыстырып, көрсеткіштердің уақыт бойынша өзгерісін, ауа райы мен маусымдық факторлардың ықпалын ескереді. Қажет болса, қоршаған ортадан алынған сынамалар зертханада зерттеледі. Мұндай бақылау радиациялық жағдайдағы нақты өзгерісті табиғи ауытқудан немесе өлшеу ерекшелігінен ажыратуға мүмкіндік береді.

Бір өлшем неге жеткіліксіз және АЭС алаңы қалай бақыланады

Сарапшының түсіндіруінше, тұрмыстық дозиметрмен бір рет өлшеу жүргізіп, радиациялық қауіп туралы түпкілікті қорытынды жасауға болмайды. Объективті бағалау үшін тексеруден өткен өлшеу құралдары қолданылып, өлшеу аттестатталған әдістемелер бойынша жүргізілуі қажет. Бұл ретте өлшеудің орны, уақыты мен жағдайы, сондай-ақ аумақтың табиғи радиациялық фоны ескеріледі. Күмән туғызған көрсеткіш қайта өлшеніп, қажет болған жағдайда зертханалық зерттеумен тексеріледі.

Азбергенов жалпымемлекеттік мониторинг пен атом электр станциясы орналасатын аумақтағы радиациялық бақылаудың айырмасы бар екенін атап өтті. АЭС алаңы үшін жеке бақылау бағдарламасы әзірленеді. Онда бақылау бекеттері жиірек орналастырылып, өлшенетін көрсеткіштер тізімі кеңейтіледі.

Маманның пікірінше, өлшеу жүргізумен қатар оның нәтижесін қоғамға түсінікті жеткізу де маңызды. Деректер өлшем бірліктерімен, нормативтермен және көрсеткіштердің өзгерісін түсіндіретін ақпаратпен бірге жариялануы керек. Қазіргі атом электр станцияларында радиациялық жағдай автоматтандырылған жүйелер арқылы үздіксіз бақыланады. Сарапшының айтуынша, көптеген елде мұндай деректер нақты уақытқа жақын режимде ашық жарияланады. Бұл жұртшылыққа жағдайды бақылауға және радиациялық қауіпсіздік туралы ақпаратты нақты деректер негізінде бағалауға мүмкіндік береді.

Back to top button