$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
БілімЖаңалықтар

Қазақстанда мұғалімдердің орташа жалақысы қанша

Елдегі мектептерде мұғалімдер саны рекордтық көрсеткішке жетті. Мәлім болғандай, 2025-2026 оқу жылында білім ошақтарында 415,5 мың педагог жұмыс істейді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,2%-ға көп, деп хабарлайды Tizgin.kz Rankin.kz-ке сілтеме жасап.

Мектептердегі педагог саны

Сонымен қатар білім беру саласындағы орташа жалақы ел экономикасындағы орташа көрсеткіштен шамамен 20%-ға төмен. Бұл деректер 5 қазанда атап өтілетін Дүниежүзілік мұғалімдер күніне орай жарияланды.

Педагогтер арасында ең көбі – педагог-модераторлар. Олардың саны 126,7 мың адамды құрайды. Бұдан бөлек, 99,5 мың педагогтің тиісті санаты жоқ, 95,4 мыңы – педагог-сарапшы, 82,6 мыңы – педагог-зерттеуші.

Ал 5,5 мың мұғалім педагог-стажер мәртебесіне ие. Шамамен 3 мың педагог — педагог-шебер. Тағы 2,8 мыңға жуық мұғалім бұрынғы аттестаттау жүйесіндегі біліктілік санаттарын сақтап қалған.

Қазақстандағы мұғалімдердің басым бөлігі – нәзік жандылар. Мәлім болғандай, мектептерде 337,8 мың әйел педагог жұмыс істейді.

Түркістан көш бастап тұр

Педагогтер саны бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Мұнда 67,4 мың мұғалім еңбек етеді.

Екінші орында – Алматы облысы (34,9 мың), үшінші орында Алматы қаласы (28,6 мың). Үздік бестікке Жамбыл облысы (28,2 мың) мен Шымкент қаласы (23,4 мың) да кірді.

Мұғалімдер саны ең аз өңір – Ұлытау облысы. Мұнда небәрі 3,8 мың педагог бар. Ал Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарының әрқайсысында 12 мыңнан сәл астам мұғалім еңбек етеді.

Нақты табыс немен өлшенеді

Осы жылдың екінші тоқсанында білім беру саласындағы орташа жалақы 385,7 мың теңгені көрсетті. Бұл ел экономикасындағы орташа жалақыдан шамамен 20%-ға төмен.

Алайда бұл көрсеткіш тек мектеп мұғалімдеріне емес, жалпы білім беру саласындағы қызметкерлерге қатысты екенін ескеру қажет. Педагогтің нақты табысы оның еңбек өтіліне, біліктілік санаты мен оқу жүктемесіне байланысты.

Сонымен қатар сынып жетекшілігі, ерекше еңбек жағдайлары және басқа да қызмет түрлері үшін берілетін қосымша төлемдер жалақы мөлшеріне әсер етеді.

Айта кетейік, 5 қазан күні Қазақстан мен әлемнің көптеген елінде Дүниежүзілік мұғалімдер күні атап өтіледі.

Back to top button