$ 452.59 € 507.67 ₽ 5.48
Жаңалықтар

Қазақстанда биыл қыс қандай болады: үш айға болжам

Қазақстанда 2026–2027 жылдардағы қыс салыстырмалы түрде жылы болады деп болжанып отыр. Кейбір өңірлерде жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан асып, боран, көктайғақ пен ауа температурасының күрт өзгеруі мүмкін. Қазгидромет алдағы қыс мезгіліне арналған алдын ала болжамын жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Синоптиктердің болжамына сәйкес, биылғы қыста Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы көпжылдық орташа көрсеткіштерден жоғары болады. Дегенмен еліміздің солтүстік-батыс, солтүстік, солтүстік-шығыс және орталық өңірлерінің кейбір аудандарында жауын-шашын әдеттегіден көбірек түсуі ықтимал.

Мамандар қыс бойы ауа райының құбылмалы болатынын ескертеді. Кей күндері қатты жел соғып, бұрқасын, тұман және көктайғақ болуы мүмкін. Сонымен қатар температураның күрт ауытқуы қар жамылғысында мұз қабатының пайда болуына әсер етуі ықтимал.

Желтоқсан: ауа температурасы 2 градусқа жоғары болады

Қазгидрометтің болжамынша, 2026 жылғы желтоқсанда Қазақстанның барлық өңірінде орташа ауа температурасы климаттық нормадан 2 градусқа жоғары болады.

Ел аумағының басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейде сақталады.

Алайда солтүстік, солтүстік-батыс және солтүстік-шығыс өңірлердің кейбір аудандарында қар мен жаңбыр әдеттегіден көбірек түсуі мүмкін.

Атап айтқанда, жауын-шашын мөлшері мына өңірлерде климаттық нормадан жоғары болуы ықтимал:

  • Солтүстік Қазақстан облысында;
  • Павлодар облысының басым бөлігінде;
  • Қостанай және Ақмола облыстарының солтүстік жартысында;
  • Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының солтүстігінде;
  • Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында.

Ал Қызылорда облысының оңтүстігінде жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан төмен болуы мүмкін. Осылайша, желтоқсан әдеттегіден жылы өткенімен, солтүстік өңірлерде қарлы күндер жиілеуі ықтимал.

Қаңтар: кей өңірлерде жауын-шашын азаяды

2027 жылғы қаңтарда Қазақстанның басым бөлігінде орташа ауа температурасы климаттық нормадан 1–2 градусқа жоғары болады деп күтіледі, алайда еліміздің батысы мен солтүстік-батысындағы бірқатар өңірде температура қалыпты деңгейде сақталады.

Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облысында, Атырау, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, сондай-ақ Ақмола облысының солтүстік-батыс жартысында ауа температурасы климаттық норма шамасында болады.

Жауын-шашын мөлшері де республиканың басым бөлігінде қалыпты деңгейде болжанып отыр. Дегенмен Батыс Қазақстан облысының оңтүстік-батысында, Атырау облысының батысында және Маңғыстау облысында жауын-шашын әдеттегіден көбірек түсуі мүмкін.

Ал Қызылорда облысының оңтүстік-шығыс жартысында, Ұлытау облысының қиыр оңтүстік-шығысында, Қарағанды және Абай облыстарының қиыр оңтүстігінде жауын-шашын мөлшері төмен болады деп болжануда. Сондай-ақ, Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарының солтүстік жартысында жауын-шашын климаттық нормадан аз болуы ықтимал.

Ақпан: күн жылынады, бірақ жауын-шашын көбейеді

2027 жылғы ақпанда Қазақстанның басым бөлігінде орташа ауа температурасы климаттық нормадан 1–3 градусқа жоғары болады деп болжанып отыр, алайда солтүстік және шығыс өңірлердің кейбір бөлігінде температура қалыпты деңгейде сақталуы мүмкін.

Олардың қатарында Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары, Павлодар облысының басым бөлігі, Абай облысының солтүстік-шығыс жартысы, сондай-ақ Қостанай мен Ақмола облыстарының солтүстік аудандары бар.

Ақпан айының басты ерекшелігі – жауын-шашын мөлшерінің көбеюі. Синоптиктердің болжамынша, республиканың басым бөлігінде жауын-шашын климаттық нормадан жоғары болады. Ал елдің батыс жартысында, соның ішінде Батыс Қазақстан, Атырау, Түркістан облыстарында және бірқатар көршілес өңірлерде жауын-шашын мөлшері негізінен қалыпты деңгейде сақталады.

Маңғыстау облысының оңтүстік-шығыс жартысында, Ақтөбе облысының оңтүстігінде және Қызылорда облысының оңтүстік-батысында жауын-шашын әдеттегіден аз түсуі мүмкін.

Қазгидромет мамандары қыс мезгілінде температураның жиі құбылатынын, боран, тұман және көктайғақ құбылыстары болуы ықтимал екенін ескертеді.

Айта кетейік, бұл – маусымдық консультативтік болжам, сондықтан алдағы айларда ауа райының нақты жағдайына байланысты болжамдар өзгеруі мүмкін.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button