Қазақстанда алтын мен күмістің мол қоры табылды
Үкіметтің баспасөз қызметі 2024-2025 жылдары 50-ден астам жаңа кен орны ресми тіркеуден өтті деген мәлімет ұсынды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Министрлік жүргізген барлау нәтижесі
Берілген ақпаратқа сәйкес, ұзын-саны – 54. Ондағы 40 кен орны – қатты пайдалы қазбаларға, жетеуі – көмірсутек шикізатына, қалған жетеуі жер асты суларына тиесілі.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жүргізген геологиялық барлау жұмыстарына сәйкес асыл метал қоры 157,2 тонна алтын және 9,4 мың тонна күміспен толықты.
Бұдан бөлек, есепті кезеңде түсті және қара металдардың да қоры молая түскен. Айталық, геологтар 122,7 мың тонна мыс, 171,9 мың тонна цинк, 114,8 мың тонна қорғасын, 927 мың тонна хром рудасы мен 262,2 млн тонна темір рудасының жаңа көзін тапты.

Қанша кен орны есепте тұр
Сонымен қатар энергетикалық сектор үшін маңызға ие 199 млн тонна мұнай мен 22 млрд текше метр газ қоры мемлекет теңгеріміне өтті. Сөйтіп, республика көлемінде 10 мыңға жуық түрлі пайдалы қазбалар кен орны ресми есепте тұр.
Асыл металдардан тыс, жаһандық нарықта сұраныс артып тұрған сирек және сирек жер металдарының болжамды қорын анықтау бағытында да маңызды қадамдар жасалды.
Зерттеу бағдарламасына енген учаскелерден 935,4 мың тонна сирек жер металдарының қоры анықталды.