Қазақстанда әлеуметтік желілерді балағат сөздер мен заңсыз фотоларды тезірек өшіруге міндеттеуі мүмкін
Ішкі істер министрлігі бұл ұсынысты Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолдады.
Қазақстанда әлеуметтік желілерден заңсыз пайдаланылған фотосуреттер мен балағат сөздерді жою тәртібі жеделдеуі мүмкін. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Саденов депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қазақстанда адамның суретін келісімінсіз жариялауға болмайды
Бұған дейін Құрылтай депутаты Амантай Жарқынбек қазақстандықтардың өз бейнесін олардың келісімінсіз көрсету немесе тікелей эфирге қатыстыру жағдайларында құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуді ұсынған.
Министрдің айтуынша, азаматтардың ар-намысы, қадір-қасиеті мен бейнесін қорғау Азаматтық кодекстің 145-бабымен – «Өз бейнесіне құқық» нормасымен қамтамасыз етіледі. Заң бойынша адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға болмайды.
Әлеуметтік желілердегі заңсыз контентке шағым беру тәртібі өзгеруі мүмкін
Сонымен қатар, сот арқылы қорғалу тетігі азаматтардың беделіне нұқсан келтіретін мәліметтердің таралуын тоқтатуға мүмкіндік береді. Алайда Ержан Саденов шағым беру тәртібін өзгерту қажет деп санайды.
«Тікелей эфирлердің ерекшеліктерін ескере отырып, Мәдениет және ақпарат министрлігіне онлайн ортада бейнелерді заңсыз пайдалану және балағат сөздерге қатысты шағым беру тәртібін жетілдіру, сондай-ақ онлайн-платформалардың азаматтардың негізді өтініштеріне жауап беру мерзімін қысқарту мәселесін қарастыру қажет деп санаймыз. Кәмелетке толмағандарды зиянды контенттен қорғауға ерекше назар аудару қажет», – деп жазды ол.