TOP-2Білім

Қазақстан ураннан түсетін табыстың 1%-ын ғылымға аударады

Атом энергиясы жөніндегі Агенттігінің ғылыми-техникалық кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Отырыста ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру қағидаларына сәйкес, өткен жылдың қорытындылары негізінде 2026 жылға және 2027–2029 жылдарға арналған жоспарлы кезеңге қатысты ғылыми-техникалық тапсырмалар қаралды. Бұл тапсырмалар жер қойнауын пайдаланушылардың уран өндіру барысында жұмсаған шығындарының 1 пайызы есебінен қалыптастырылған.

Аталған отырыстың басты ерекшелігі – уран өндіруші кәсіпорындардың міндетті аударымдары есебінен қаржыландырылатын ғылыми-техникалық тапсырмалар тізбесінің алғаш рет қаралуы. Бұл қадам Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп әзірленген қолданбалы ғылымды қаржыландырудың орталықтандырылған, ашық әрі нәтижеге бағытталған жаңа тетігін іске асыру аясында жүзеге асырылып отыр.

ЖАҢА ТӘСІЛ

Жаңа тәсіл ғылыми-техникалық тапсырмаларды қалыптастыру мен іріктеудің бірыңғай тәртібін енгізуге, бөлінетін қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ ғылыми зерттеулерді атом саласының нақты өндірістік және технологиялық міндеттерімен ұштастыруға бағытталған.

Бұл тетік ресурстарды тиімді пайдалануға, ғылыми әзірлемелердің бытыраңқылығын азайтуға және басым бағыттар бойынша ғылыми-техникалық қызметті үйлестіруді күшейтуге мүмкіндік береді.

Отырыс қорытындысы бойынша ұсынылған ғылыми-техникалық тапсырмаларға басымдық беру жөнінде ұсынымдар әзірленді. Қаралған материалдар белгіленген тәртіппен одан әрі пысықтау және шешім қабылдау үшін Ғылым және жоғары білім министрлігіне жолданады.

Жалпы, ғылыми-техникалық тапсырмаларды осындай форматта қарау – саланың нақты қажеттіліктерін ескеретін, отандық ғылыми әлеуетті дамытуға ықпал ететін, нақты ғылыми-технологиялық нәтижелерге бағытталған және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтетін қолданбалы зерттеулерді қолдаудың тұрақты жүйесін қалыптастырудағы маңызды қадам.

Back to top button