TOP-2Жаңалықтар

Қазақстан Ресейге бензин сату мәселесін қарастырып жатыр

Қазақстан Ресейге жанар-жағармайды қандай жағдайда жеткізуі мүмкін екені белгілі болды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қазақстанның Энергетика министрлігі кейбір БАҚ-та Ресейге «гуманитарлық негізде» жанар-жағармай жеткізіледі деген ақпараттың аясында еліміздің көрші мемлекетке қандай жағдайда жанар-жағармай (ЖЖМ) сата алатынын мәлімдеді.

Ведомствоның хабарлауынша, егер Ресей үкіметінен автомобиль отынын сатып алу жөнінде ресми өтініш түссе, Қазақстан жанар-жағармайды өзара тиімді коммерциялық шарттар негізінде жеткізу мүмкіндігін қарастыруға дайын.

Министрлік мұндай халықаралық келісімдер мен мұнай өнімдерін жеткізуге қатысты коммерциялық келісімшарттар тек елде бос ресурстық әлеует болған жағдайда ғана жасалатынын атап өтті. Сонымен қатар, Энергетика министрлігі Қазақстанның ішкі нарығын жанар-жағармаймен толық әрі үздіксіз қамтамасыз ету – өзгермейтін басымдық екенін мәлімдеді.

«Экспорттық жеткізілімдер Қазақстан азаматтары мен ел экономикасының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге ешқандай қауіп төнбеген жағдайда ғана жүзеге асырылуы мүмкін», – делінген министрлік хабарламасында.

Еске салайық, 26 маусым күні Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бұл мәселе бойынша Ресей тарапынан ешқандай ресми өтініш түспегенін айтқан болатын. Соңғы күндері әлеуметтік желілерде Қазақстанның шекара маңындағы жанармай құю бекеттері туралы бейнероликтер қызу талқыланып жатыр. Видео авторларының айтуынша, бұл бекеттерде жанармайды едәуір арзан бағамен құюға болады. Ал Ақтөбе облысының әкімдігі өңірде жанар-жағармайды сату қалыпты режимде жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Ал Reuters агенттігі Қазақстан шілде және тамыз айларында Ресейге гуманитарлық көмек аясында жалпы көлемі шамамен 50 мың тонна АИ-92 және АИ-95 маркалы бензин жеткізуге дайындалып жатқанын жазды.

Back to top button