TOP-2Жаңалықтар

Қазақстан Қара теңіздегі мұнай танкерлерінің қауіпсіздігін күшейтуді сұрады

Қазақстан Қара теңіз арқылы мұнай тасымалдайтын сауда кемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін халықаралық деңгейде көтерді. Бұл тақырып Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Әлібек Бақаев пен Халықаралық теңіз ұйымының Бас хатшысы Арсенио Домингес арасындағы кездесуде талқыланды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қазақстан мұнай танкерлерін қорғаудың маңызын атап өтті

Кездесу барысында тараптар Қара теңіздегі қазіргі ахуалға ерекше назар аударды. Әлібек Бақаев сауда кемелерінің, соның ішінде Қазақстан мұнайын тасымалдайтын танкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды екенін айтты. Қазақстан тарапы теңіз жолдарының тұрақты жұмыс істеуі елдің сыртқы сауда мүддесіне ғана емес, халықаралық энергетикалық қауіпсіздікке де тікелей әсер ететінін атап өтті. Осыған байланысты азаматтық кеме қатынасын қорғау және маңызды теңіз бағыттарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету қажеттігі айтылды.

Арсенио Домингес Қазақстанның ұстанымын қолдап, азаматтық және сауда кемелерінің қауіпсіздігі Халықаралық теңіз ұйымы үшін принципті мәселе екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ұйым теңізде жүзу қауіпсіздігін сақтау және азаматтық теңіз көлігін қорғау бағытындағы жұмысын жалғастырады.

Каспийдегі тасымал көлемін ұлғайту көзделіп отыр

Келіссөзде Қазақстан мен Халықаралық теңіз ұйымы арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективасы да қарастырылды. Әлібек Бақаев Астананың ұйыммен өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.

Тараптар Каспий теңізінің халықаралық көлік-логистикалық тізбектегі стратегиялық рөліне тоқталды. Транскаспий халықаралық көлік маршрутының теңіз учаскесін дамыту, Каспий арқылы жүк тасымалдау көлемін арттыру, сондай-ақ Ақтау және Құрық порттарының инфрақұрылымын жаңғырту Орталық Азия, Қытай және Еуропа арасындағы сауда байланысына жаңа мүмкіндік беретіні атап өтілді. Арсенио Домингес Халықаралық теңіз ұйымының Қазақстанға техникалық ынтымақтастық орнату, халықаралық теңіз стандарттарын енгізу және қолдану мәселелері бойынша қолдау көрсетуге дайын екенін растады.

Кездесу қорытындысында тараптар ынтымақтастықты жалғастырып, Қазақстанның ұйым қызметіне қатысуы аясында нақты практикалық нәтижелерге қол жеткізуге уағдаласты.

Халықаралық теңіз ұйымы – кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, теңіз ортасының кемелерден ластануына жол бермеуге және халықаралық теңіз көлігіне қатысты стандарттарды әзірлеуге жауапты БҰҰ-ның мамандандырылған мекемесі. Қазақстан аталған ұйымға 1994 жылдан бері мүше.

Back to top button