$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
TOP-1Жаңалықтар

Қазақстан NCOC-ден 2,3 трлн теңге айыппұл өндіру ісін уақытша тоқтатты

Қашаған кен орнын игеруші North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясынан 2,3 трлн теңге экологиялық айыппұл өндіру жөніндегі атқарушылық іс уақытша тоқтатылған. Бұл туралы бірінші болып Интерфакс агенттігі Әділет министрлігінің ресми жауабына сүйеніп жазды.

Шешім 7 қыркүйекте қабылданған. Айта кету керек, бұл айыппұл Қашаған жобасныда күкіртті белгіленген нормадан артық мөлшерде сақтау фактісінен туындаған. 2022 жылғы тексеру кезінде NCOC-дің 1,2 млн тоннадан астам күкіртті нормативтен тыс сақтағаны анықталған.

Көлемі 2,3 трлн теңге болатын айыппұлдың дауы Қазақстан соттарында бірнеше жылға созылды. 2025 жылғы тамызда Экология министрлігі соттың бұған дейінгі ескертулерін жойып, компанияға қайтадан 2,3 трлн теңге айыппұл салған. Кейін іс бойынша атқарушылық өндіріс басталды. Шілде айында NCOC-тың мүлкі мен көлігіне тыйым салынғаны хабарланған.

Сонымен қатар NCOC айыппұлмен келіспей, халықаралық арбитражға жүгінді. Шілдеде UNCITRAL арбитражы Қазақстанға дау аяқталғанға дейін айыппұлды мәжбүрлеп өндіріп алуға шектеу қойған. Алайда сол кезде Әділет министрлігі бұл шешім Қазақстанның ұлттық заңнамасынан жоғары тұрмайтынын айтып, айыппұлды өндіріп алу жалғасатынын мәлімдеген еді.

Енді атқарушылық іс жүргізудің тоқтатылуы істің жаңа кезеңге өткенін көрсетеді. Әділет министрлігі мен NCOC арасында қандай да бір келісім жасалғаны туралы ресми ақпарат әзірге жоқ. Дегенмен 2,3 трлн теңге айыппұл түбегейлі жойылған жоқ. Әзірге оны өндіру процесі ғана тоқтатылды.

Back to top button