TOP-1Сараптама

Қазақстан электр қуатына 3 трлн теңге жұмсады: импорт азайғанымен, шығын өсіп жатыр

Қазақстан 2027 жылға дейін электр профицитіне қандай құнмен жетпек

Қазақстан алдағы он жылда өзінің энергетикалық жүйесін түбегейлі қайта құруды жоспарлап отыр. Энергетика министрлігінің жоспары бойынша, 2035 жылға дейін елде қосымша 26,3 ГВт жаңа генерация іске қосылу керек. Бұл қазіргі энергетикалық жүйенің көлемімен шамалас көрсеткіш. 2025 жылы Қазақстанның жалпы белгіленген қуаты 26,7 ГВт болған. Бір жылдың ішінде бұл көрсеткіш 1,4 ГВт-қа өскен. Ал жаңа жоспар толық орындалса, келесі он жылда Қазақстанның электр жүйесінің жалпы белгіленген қуаты 2035 жылға қарай екі есеге жуық өсуі мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Жоспардың ішінде 10,5 ГВт жаңа дәстүрлі генерация, 8,4 ГВт жаңартылатын энергия көздері, 5 ГВт қолданыстағы станцияларды жаңғырту және 2,4 ГВт атом электр станциясы қарастырылған. Сонымен қатар 77,5 мың шақырым электр желісін жаңарту және шамамен 2,7 трлн теңгеге инфрақұрылымды күрделі жөндеу жоспарланған. Министрлік басшылары 2027 жылдан бастап Қазақстан ішкі сұранысты толық жауып, кейін электр профицитіне шығады деген есеп айтып жүр. Жуықтағы Үкімет отырысында бұл жоспар ресми түрде жарияланды.

Ведомстводағылардың бұлайша сенімді сөйлеуіне соңғы жылдары электр тапшылығының біртіндеп қысқара бастауы түрткі болып отыр.

AI/Tizgin.kz

2023 жылы Қазақстандағы электр энергиясының тапшылығы шамамен 2,2 млрд кВт/сағат болған. 2024 жылы бұл көрсеткіш 2 млрд кВт/сағатқа дейін төмендеген. Ал 2025 жылы тапшылық 1,5 млрд кВт/сағат болған. Екі жылдың ішінде тапшылық 30 пайыз азайған.

3 жылда 3 трлн теңге төлеген

Бұл өршіл мақсатқа мемлекет қандай бағамен қадам басып келеді? 2023 жылдың шілдесінен бастап елде «Бірыңғай сатып алушы» механизмі енгізілді. Бұған дейін электр станциялары мен ірі тұтынушылар тікелей өзара келісімшарт жасай алатын болса, енді негізгі сатып алушы рөлін бір оператор атқарады. Бұл оператор электр энергиясын орталықтан сатып алып, жүйеге таратады, импортты теңестіреді. Жаңартылатын энергия көздерін кепілді түрде сатып алып, бүкіл нарықты теңгерімге келтіреді.

Осы Бірыңғай сатып алушының ресми құжаттары бұл трансформацияның қаншалықты қымбатқа түсіп жатқанын көрсетеді.

2023 жылдың шілде-желтоқсанында Бірыңғай сатып алушы 723,5 млрд теңгеге 58,75 млрд кВт/сағ электр энергиясын сатып алған. Негізгі көлем дәстүрлі электр өндіруші ұйымдардан келген: 34,25 млрд кВт/сағ электрі қуаты үшін 366,3 млрд теңге төлеген. Орталықтандырылған сауда сегменті 169,5 млрд теңгеге 19,95 млрд кВт/сағ электр энергиясын сатып алған. Жаңартылатын энергия көздерінің иелерінен 2,73 млрд кВт/сағ энергияны 73,8 млрд теңгеге сатып алынған. Ал импорт көлемі 1,78 млрд кВт/сағ болып, оған 57,45 млрд теңге жұмсалған.

Орташа бағалар жүйедегі айырмашылықты анық көрсетті. Орталықтандырылған сауда сегментінде электр энергиясының орташа бағасы 1 кВт/сағ электрге шамамен 8,5 теңге болса, дәстүрлі генерацияда 10,7 теңге болған. Ал жаңартылатын энергия көздерінде бұл көрсеткіш шамамен 27 теңгеге, импортта 32 теңгеге жеткен. Яғни жүйедегі ең қымбат сегменттер импорт пен ЖЭК болған.

2024 жылы Бірыңғай сатып алушының алыс-берісі күрт ұлғайған. Жалпы жоспарлы сатып алу көлемі 72,71 млрд кВт/сағатқа дейін өсіп, шығын 1,07 трлн теңгеге жетті. Бір жыл ішінде сатып алу көлемі шамамен 24%, ал шығын 48% артқан. Дәстүрлі қуат өндіруші ұйымдардан 1,018 трлн теңгеге 63,2 млрд кВт/сағ электр, ЖЭК сегменті 171 млрд теңгеге 6,33 млрд кВт/сағ электр сатып алған. Импорт көлемі азайғанымен, оған кететін шығын жоғары болып қалды: 529,9 млн кВт/сағ үшін 37,7 млрд теңге жұмсалған.

2024 жылы импорттың орташа бағасы шамамен 71 теңге/кВт⋅сағ болған. Бұл жүйедегі ең қымбат сегментке айналды. Ал жалпы жүйенің орташа сатып алу бағасы 14,7 теңгеге дейін өсті. Яғни Қазақстан көбірек электр сатып алып қана қоймай, әр киловатт/сағат үшін көбірек төлей бастады.

AI/Tizgin.kz

2025 жылы жоспарлы сатып алу көлемі 73,9 млрд кВт/сағ болды. 2024 жылмен салыстырғанда 1,6% өсім тіркелді. Бірақ шығын 1,218 трлн теңгеге дейін (+14%) жеткен.

Ал құрылымына келсек, дәстүрлі генерация 1,119 трлн теңгеге 68,95 млрд кВт/сағ қуат сатқан. ЖЭК сегменті 73,9 млрд теңгенің 2,19 млрд кВт/сағ қуатын берген. Импорт көлемі 489,5 млн кВт⋅сағ болға. (11,9 млрд теңге).

Орташа бағалар да өзгерген. Дәстүрлі генерацияның орташа құны 1 кВт/сағатқа шамамен 16,2 теңге болды. ЖЭК бойынша орташа баға 33,8 теңге, импортталған электр құны 24,3 теңге деңгейінде қалыптасты. Ал бүкіл жүйенің орташа сатып алу бағасы 16,5 теңгеге жетті.

2025 жылдың І тоқсанымен салыстырғанда 2026 жылдың І тоқсанында электр импорты айтарлықтай қысқарған. Ресейден импорт көлемі 855,5 млн кВт⋅сағаттан 491,9 млн кВт⋅сағатқа дейін төмендесе, Өзбекстаннан сатып алу 132,7 млн кВт⋅сағаттан 16,8 млн кВт⋅сағатқа дейін азайған. Бұл Қазақстанның ішкі генерацияны күшейтіп, импортқа тәуелділікті біртіндеп қысқартып жатқанын көрсетеді.

Осылайша, Бірыңғай сатып алушы іске қосылғаннан бері мемлекет 3,01 трлн теңгеге шамамен 205,4 млрд кВт/сағ электр қуатын сатып алған.

Үш жылдың ішінде Қазақстандағы орталықтандырылған электр сатып алу көлемі 25,8% өсті. Бірақ шығын шамамен 70% артқан. Бұл елдің электр тапшылығынан шығып жатқанын, бірақ оған барған сайын қымбат модель арқылы жақындап келе жатқанын көрсетеді.

Мемлекет жаңа станцияларға сатып алу кепілдігін береді, ЖЭК-ті субсидиялайды, импорт бағасын бүкіл жүйеге таратып, электр нарығын барған сайын орталықтан басқара бастады.

Сонымен қатар жүйенің негізгі жүктемесін әлі де көмір мен дәстүрлі станциялар көтеріп отыр. Яғни Қазақстан бір мезетте импорттан шығуға, ЖЭК үлесін өсіруге, инфрақұрылымды жаңартуға және тарифті бақылауда ұстауға тырысып жатыр. Бірақ бұл трансформацияның құны жылдан жылға өсіп барады.

Back to top button