Сараптама

Қазақстан экстремизм мен терроризмге қарсы қалай күресіп жатыр

Қазақстанда экстремизм мен терроризмге қарсы күрес мемлекеттік қауіпсіздіктің басты басымдықтарының бірі ретінде күшейтіліп келеді. Жыл басынан бері жүргізілген жедел-тергеу шаралары бұл бағыттағы жұмыстың жүйелі әрі қатаң бақылауда екенін көрсетеді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеп-тексерген қылмыстық істер аясында террористік және экстремистік құқықбұзушылықтар үшін 17 адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған. Бұл деректер қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында алдын алу мен жазаның қатар жүріп жатқанын айқын аңғартады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Экстремизмнің терроризмнен айырмашылығы неде

Экстремизм мен терроризм – қазіргі заманда көп мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне төнген ең өзекті қатерлердің бірі. Жаһандану, цифрландыру және көші-қон үдерістерінің күшеюі бұл құбылыстардың жаңа формаларының пайда болуына әкеліп, олармен күресте кешенді тәсілді талап етеді.

Экстремизм – қоғамдағы қалыптасқан нормалар мен құндылықтарды жоққа шығаратын, радикалды көзқарастар мен әрекеттерге бейімділік. Ол әрдайым зорлық-зомбылықпен байланысты болмауы мүмкін, бірақ көбінесе соған алып келетін алғышарт деп айтуға болады.

Терроризм – экстремизмнің ең шектен шыққан түрі. Ол халықты қорқыту, мемлекеттік органдарға қысым жасау немесе саяси, діни, идеологиялық мақсаттарға жету үшін зорлық-зомбылық қолдану немесе сонымен қорқыту арқылы көрініс табады. Демек, экстремизм – идеологиялық негіз болса, терроризм – сол идеялардың іс жүзіндегі көрінісі.

Радикалданудың алдын алуға маңыз  беріледі

Қазақстан – зайырлы, көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет ретінде қоғамдық келісім мен тұрақтылықты басты құндылық ретінде ұстанады. Соған қарамастан, ел экстремизм мен терроризм қаупінен толықтай қорғалған деп айтуға болмайды.

2010 жылдары елімізде террористік сипаттағы бірқатар оқиғалар тіркеліп, бұл жағдай қауіпсіздік шараларын күшейтуге және мемлекеттік саясатты қайта қарауға негіз болды.

Экстремистік идеялардың таралуына жұмыссыздық, сыни ойлау қабілетінің және діни сауаттылықтың жеткіліксіздігі, интернет пен әлеуметтік желілер арқылы радикалды идеологиялардың таралуы, тұлғалық дағдарыс және өмір мәнін іздеу, халықаралық экстремистік ұйымдардың ықпалы сияқты факторлар әсер етеді. Осы ретте Қазақстан экстремизм мен терроризмге қарсы күресте кешенді шараларды жүзеге асыруда. Басты мақсат – жазалау ғана емес, әсіресе жастар арасында радикалданудың алдын алуға алу.

ҰҚК не дейді

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, жыл басынан бері тергеп-тексерген қылмыстық істер бойынша террористік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін 17 адамға әр түрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына тағайындалған. Олардың бірі – Алматы қаласының тұрғыны. Ол 2017 жылы халықаралық террористік ұйымдар жағында соғысу үшін шетелге кеткен. 2025 жылы шетелдік серіктестермен бірлескен іс-шаралар аясында шетелде ұсталып, Қазақстанға арнайы күзетпен жеткізілген.

“Террористік әрекетке қатысу фактісі бойынша сот оны 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті”, – деп ақпарат таратты ҰҚК-нің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, тағы бір азамат, Көкшетау қаласының тұрғыны 2013 жылы шетелге кеткен. Интернетте терроризм мен діни экстремизм идеяларын насихаттаған. ҰҚК шетелдік арнайы қызметпен бірлесіп жүргізген операцияның нәтижесінде ұсталып, елге жеткізілді. Сот шешімімен терроризмді насихаттағаны және діни алауыздықты қоздырғаны үшін 9 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Экстремизм мен терроризм – тек қауіпсіздік мәселесі ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік және психологиялық құбылыс. Қазақстан бұл қауіптерге қарсы жүйелі шаралар қабылдауда. Тұрақты нәтиже тек мемлекет пен қоғамның бірлескен әрекеті арқылы мүмкін болады.

Депутаттар мәлімдемесі

Мәжілісте Ермұрат Бапи бастаған бір топ депутат қоғамға қауіп төндіретін теріс діни ағымдар жөнінде жасаған мәлімдеме жасады. Олар бас прокурор Берік Асыловқа сауал жолдады. Олардың айтуынша, шын мәнінде бүгінгі қоғам адасу алаяқтығы шылауына шырмалып, “ақпараттық терроризм” деп атауға болатын қиянатты құбылысқа тап болған.

Бұны қоғамдық жүйенің құндылықтарын нақақ қирату, түсінік пен түйсікті теріс жолға салу, адамдар санасына маңызы өзгерген мән-мақсатты агрессивті түрде сіңіру құбылысы деп қабылдау қажет!” – дейді мәжілісмендер.

Коллаж: Tizgin.kz

Депутаттар әлеуметтік ресурстар арқылы теріс діни насихат пен діни араздықты қоздырушы тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тартуға мүмкіндік беретін заң нормаларын талқылауға ұсынуды сұрап отыр. 

Back to top button