Қазақстан азаматтарының миллиардтаған айыппұлы кешіріледі
Мәжіліс депутаттары жаңа Конституцияның қабылдануына сәйкес рақымшылық жасау туралы заң жобасын жұмысқа алды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ДЕПУТАТ НЕ АЙТТТЫ
Бұдан бөлек, Мәжіліс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске (ӘҚБтК), сонымен қатар атқарушылық іс жүргізу мен сот орындаушыларының мәртебесі туралы заң жобасы бойынша ілеспе түзетулерді қарастырмақ. Барлығы елде жарияланған ауқымды рақымшылыққа байланысты.
“Аталған заң жобалары Парламент депутаттары бастамасымен әзірленді. Заң жобалары Мемлекет басшысының республикалық референдумда жаңа Конституцияның қабылдануына сәйкес қылмыстық және әкімшілік рақымшылық жариялауына орай дайындалды. Жобалар аясында қылмыстық теріс қылықтар мен зиян келтірмеген немесе зияны толық өтелген онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыстар үшін жауаптылықтан босату, сонымен қатар зиян толық өтелген жағдайда ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша жаза мерзімдерін қысқарту ұсынылады”, – деді Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева.
РАҚЫМШЫЛЫҚ КІМДЕРГЕ ЖАСАЛАДЫ
Әкімшілік рақымшылық аясында жеке тұлғалар, кәсіпкерлік субъектілері, жеке нотариустар, адвокаттар, қандас мәртебесі бар тұлғалар және жалпы Қазақстан азаматы саналатын өзге тұлғалар айыппұлдан босатылатын көрінеді.
“Рақымшылық азаматтар мен мемлекет қауіпсіздігіне қауіп төндірмейтін құқық бұзушылықтарды ізгілендіруге бағытталған. Заң жобаларын жұмысқа алуды ұсынамыз және қолдауларыңызды сұраймыз”, – деді депутат.