$ 441.88 € 503.61 ₽ 5.24
Жаңалықтар

Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына жан-жақты қолдау көрсетіледі – Қарин

Вице-президент Ерлан Қарин жалпыұлттық аза тұту күніне байланысты қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айтты. Ол президенттің марқұмдардың туған-туыстарына жан-жақты көмек көрсетуді тапсырғанын жеткізіп, жұртты сабыр сақтап, бір-біріне қамқор болуға шақырды, деп хабарлайды Tizgin.kz оның жазбасына сілтеме жасап.

Ерлан Қариннің жазуынша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен елімізде жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Қаралы күнге байланысты мемлекеттік тулар төмен түсіріліп, ойын-сауық шараларына тыйым салынды. Телеарналар мен радиолардың бағдарламаларына өзгерістер енгізіліп, ақпараттық сайттар мен мерзімді басылымдар ақ-қара түсті режимге көшірілген. Мемлекеттік деңгейдегі ресми отырыстар мен іс-шаралар қаза тапқандарды үнсіздікпен еске алудан басталып жатыр.

«Қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларына тағы да қайғысына ортақтасып көңіл айтамын. Жауынгерлер Отан алдындағы әскери борышын адал атқарды», – деп жазды Ерлан Қарин.

Ол арнайы үкіметтік комиссия жұмысын бастағанын, құқық қорғау органдары тиісті тергеу жүргізіп жатқанын атап өтті.

Марқұмдардың отбасыларына қолдау көрсетіледі

Вице-президенттің мәліметінше, мемлекет басшысы қаза тапқан азаматтардың туған-туыстарына жан-жақты көмек пен қолдау көрсетуді тапсырған. Сонымен қатар еліміздің белгілі кәсіпкерлері де марқұмдардың отбасыларына материалдық көмек көрсетуге ниет білдіріп жатыр. Қарин қиын сәтте халықтың қайғыны бөлісіп, бірлік танытып отырғанын атап өтті.

«Жұрттың ынтымағы, мемлекеттің беріктігі осындай қысылтаяң шақта білінеді. Сол себепті баршамыз сабыр сақтап, бір-бірімізге қамқорлық танытып, елдігімізді білдіріп, ауыр сынақтан бірлесіп шығайық», – деді ол.

Вице-президент жазбасын «Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіресін, тұғырынан түспесін» деген тілекпен аяқтады.

Back to top button