Жаңалықтар

“Қасына бес адам ертіп келсін”: белгілі заңгер әнші Аша Матайды дебатқа шақырды

Заңгер шын саясаткерлер ел алдына шығып, шыңдалуы керек деп санайды

23 шілдеде елде Құрылтай сайлауына қатысатын саяси партиялардың үгіт-насихат жұмыстары қызу түрде басталып кетті. Әр партия өз штабының жұмысын көрсетіп, дауыс жинауға барын сала бастады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Аша Матай не дейді

Сайлаудың үгіт-насихатына енді белсенді араласатынын қоғамда көптің назарын өзіне аударған ҚХП мүшесі Ақбота Асқарбекова (Аша Матай) да жазды. Ол көпшілік өзінің осы уақытқа дейін неге ашық сөйлемегенін түсінбегенін айтады. Әнші кандидаттар тіркеліп жатқан кезеңде сайлауалды үгіт-насихат жүргізуге болмайтынын атап өткен.

“Сондықтан мен заң талаптарын құрметтеп, үнсіздікті таңдадым.. Ал 2026 жылғы 23 шілде сағат 18:00-ден кейін сайлауалды үгіт-насихат кезеңі ресми түрде басталады. Ол 22 тамыз сағат 00:00-де аяқталады. 22 тамыз – «тыныштық күні». Бұл күні және 23 тамыз – сайлау күні қандай да бір үгіт-насихат жүргізуге заңмен тыйым салынады. Енді мен өз ойымды ашық айтып, көкейімде жүрген мәселелерді сіздермен еркін бөлісе аламын!” – дейді ол.

Заңгер әншіні дебатқа шақырды

Әншінің бұл жазбасына белгілі заңгер Мейірман Шекеев назар аударып, “өз тағдырымызды солардың қолына ұстатайын деп отырмыз” деп пікір білдірді.

“Сайлауға түсушілер елге келу керек. Менің Аша Матайдың дебатқа шақырғаным әлі де өз күшінде. Кеше Аша Матайдың бір журналистке берген жауабы кезінде жанында біреудің сыбырлап айтып тұрғаны желіде тарады. Мен Аша Матайды сыбырлайтын адамдарымен қоса дебатқа шақырамын. Қасына бес адам ертіп келсе де, мен жекпе-жекке шақырамын. Аша Матайдың дәрежесін түсіру үшін емес, сайлауға барған адам шыңдалу керек, халықтың жағдайын білу керек”, – дейді ол.

Заңгер елдегі заңдардың біршамасымен келіспей, оларды қисық деп атады. Сол құжаттарды түзеу енді әншілердің міндетіне жүктелгелі отырғанымен заңгер келіспейді.

Back to top button