TOP-2Тергеу

Қамшыбек Тәшиевке екі бап бойынша айып тағылды

Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) бұрынғы басшысы Қамшыбек Тәшиевке Қырғыз Республикасының қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша айып тағылды. Бұл туралы Kaktus.media редакциясына адвокат Икрамидин Айтқұлов хабарлаған, деп жазады Tizgin.kz.

Оның айтуынша, Тәшиевке Қырғыз Республикасы қылмыстық кодексінің 326-бабы – «билікті күшпен басып алу немесе ұстап тұру, сондай-ақ конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге бағытталған әрекеттер» бойынша айып тағылған.

Сондай-ақ ол қылмыстық кодекстің 337-бабы – «қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану» бойынша да айып тағылды. Бұл баптың 2 және 4-бөліктері туралы сөз болып отыр: өзіне немесе өзге тұлғаларға пайда мен артықшылық алу мақсатында немесе өзге де жеке мүдде үшін жасалған әрекеттер, сондай-ақ жауапты мемлекеттік қызмет атқаратын лауазымды тұлға тарапынан жасалған құқық бұзушылық.

Қамшыбек Тәшиевтен бұлтартпау шарасы ретінде елден шықпау туралы қолхат алынған. Икрамидин Айткулов оның қорғауындағы тұлға кінәсін мойындамайтынын мәлімдеді.

Ал бұрынғы бас прокурор Құрманқұл Зулушев пен парламенттің экс-спикері Нурланбек Тұрғынбекұлына қатысты жағдай әзірге анық емес. Айтқұловтың айтуынша, олар да осы іс аясында аталып отыр.

Қамшыбек Тәшиевке айып тағылуы мүмкін екені туралы ақпарат тарағаннан кейін, ол өзін кінәсіз деп мәлімдеп, заң аясында қорғануға ниетті екенін айтты. Сондай-ақ ол өз жақтастарын тек заң шеңберінде әрекет етуге шақырды. 29 сәуір кешінде Қамшыбек Тәшиев, Құрманқұл Зулушев және Нұрланбек Тұрғынбекұлы қайтадан тергеуге алынды.

Back to top button