$ 447.94 € 502.32 ₽ 5.52
Жаңалықтар

Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концертін ұйымдастырған күдікті үйқамаққа жіберілді

Шымкентте Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастырушы үйқамаққа алынды. Концерт кезінде адамдардың қысылып қалуы салдарынан зардап шеккен қыздың жағдайы әлі де тұрақты ауыр күйде, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Полицияның алдын ала нұсқасы қандай

Полицияның алдын ала мәліметінше, концертке сатылған билеттер саны алаңның рұқсат етілген сыйымдылығынан асып кеткен. Соның салдарынан көрермендер шамадан тыс жиналып, адамдар қысылып қалған.

Оқиғаға қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 306-бабының 2-бөлігі – қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызметтер көрсету дерегі бойынша тергеліп жатыр. Бұған дейін Тізгін концерт ұйымдастырушысы, 1984 жылы туған Л. есімді азаматтың ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын жазған. Енді оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Зардап шеккен қыздың жағдайы қалай

Концертте жарақат алған 18 жастағы қыздың жағдайы өзгеріссіз, тұрақты ауыр күйде қалып отыр.

Еске салсақ, оқиға 10 қазанда Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концерті кезінде болған. Алаңның кіреберісінде адамдар қысылып қалып, әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген бейнежазбалар тарады.

Тізгін бұған дейін қалалық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап, бірнеше адамның медициналық көмекке жүгінгенін хабарлаған. Дәрігерлер тексергеннен кейін бір адамнан басқасы үйіне жіберілген. Ал 18 жастағы қыз ауруханаға жатқызылған.

Оқиғадан кейін Freedom Афиша да мәлімдеме жариялады. Компания концертті Show Service ұйымдастырғанын, өзі ұйымдастырушы белгілеген квота аясында билет сатқанын жеткізді. Сондай-ақ алаңды дайындау, көрермендердің кіруін ұйымдастыру және күзетті қамтамасыз ету өзінің жауапкершілігіне кірмегенін мәлімдеді.

Back to top button