TOP-2Тергеу

«Полиция бәрінен жауап алсын»: адвокат Ақтауда хирургке тап берген жігіттің ісі жөнінде пікір білдірді

Белгілі адвокат Бауыржан Азанов Ақтаудағы облыстық балалар ауруханасының хирургі мен баланың әкесі арасында болған жанжалға жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Азановтың айтуынша, ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып, оның уақытша ұстау изоляторына қамалуы дәрігердің өз әрекетіне құқықтық баға беруге кедергі келтірмейді.

«Мен оған бір ғана кеңес бере аламын. Егер дәрігер қандай да бір заңсыз, құқыққа қайшы әрекет жасады деп есептесеңіз, сол Ақтау қалалық полиция басқармасына дәрігерді қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы арыз жазыңыз», – деді адвокат.

Азановтың пікірінше, құқық қорғау органдары жанжалдың барлық куәгерінен жауап алып, оқиғаның бейнежазбасын зерттеуі қажет. Оның айтуынша, егер дәрігердің шынымен әрекетсіздік танытып, соның салдарынан баланың денсаулығына зиян келгені анықталса, медицина қызметкерінің әрекетсіздігі мен науқасқа келуі мүмкін зардаптардың арасындағы себеп-салдарлық байланысты анықтау керек.

«Осыдан кейін дәрігер өзінің құқыққа қайшы әрекеттерімен әлгі адамның өзіне шабуыл жасауына себеп болды деген мәселені батыл көтеруге болады», – деп атап өтті Азанов.

Сонымен қатар адвокат хирургтің құқық бұзушылық жасағанын нақты айтқан жоқ. Ол тек болған оқиғаның мән-жайын тексеруді ұсынды. Дәрігердің ықтимал жауапкершілігі мен баланың әкесіне қатысты қозғалған қылмыстық іс жеке-жеке құқықтық бағалауды талап етеді.

Дәрігер мен баланың әкесі не дейді

Еске салайық, жанжал Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде болған. Баланың әкесі хирург Қанат Измаиловқа тап беріп, оның мойнынан ұстаған. Оқиға бейнежазбаға түсіп қалған.

Хирургтің өзі медициналық көмекті тиісті деңгейде көрсетпеді деген айыптауларды жоққа шығарды. Оның айтуынша, ол баланы шамамен 15 минут қарап, қажетті тексерулерді тағайындаған және науқасты келесі кезекші ауысымға тапсырған. Измаилов тексеру кезінде «аппендицит» диагнозын қоюға негіз болмағанын атап өтті. Аурухана өкілдері де баланы стационарға жатқызуға медициналық көрсетілім болмағанын, ал дәрігер қажетті медициналық шараларды орындағанын мәлімдеді.

Ал баланың әкесі оқиғаның басқа нұсқасын айтты. Оның сөзінше, ұлы Жамбылды дене қызуы 39 градусқа жуықтап, аппендицитке күдік туындаған соң ауруханаға алып келген. Ер адам медицина қызметкерлерінің әрекетіне және балаға медициналық көмек көрсету жағдайына наразылық білдірген.

Оқиғадан кейін полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Back to top button