Жаңалықтар

Павлодарда 3 жасар қыз тісін емдеткеннен кейін комаға түсті: қазір жағдайы қалай

Павлодарда стоматологияға барғаннан кейін есінен танып, комаға түскен үш жасар қыздың жағдайы әлі де өте ауыр. Бүлдіршін бір аптадан астам уақыттан бері жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға күш салып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

Оқиға 21 қазанда Павлодардағы жекеменшік стоматологиялық клиникада болған. Тісін емдетуге келген қыздың жағдайы күрт нашарлап, есінен танып қалған. Туыстарының айтуынша, жедел жәрдем көлігінде баланың жүрегі тоқтап, кейін ауруханада бұл жағдай тағы қайталанған. Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр.

Дәрігерлер не дейді

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Кучуковтың айтуынша, қыз бала стоматологияға үшінші рет барған кезде оның жағдайы нашарлаған. Бұған дейінгі қабылдауларда баланың тісіне дәрі салынып, уақытша пломба қойылған. Ал үшінші қабылдауда тұрақты пломба орнату жоспарланған.

«21 қазанда жекеменшік клиникада жүргізілген ем-шара кезінде ешқандай ине салынған жоқ, ауырсынуды басатын дәрі де қолданылмады. Баланың жағдайы нашарлаған соң жедел жәрдем шақырылды. Шокқа қарсы көмек көрсету бригадасы қызды Павлодар облыстық балалар ауруханасына жеткізді», – деді Ермек Кучуков.

Оның айтуынша, бүлдіршін аурухананың қабылдау бөлімінен өткізілмей, бірден жансақтау бөліміне жатқызылған. Қазіргі уақытта қыз комада жатыр және өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалап отыр.

Баланың өмірін сақтап қалу үшін Павлодар дәрігерлері Астанадағы Ұлттық ғылыми ана мен бала орталығы және Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық мамандарымен күн сайын телемедициналық кеңестер өткізуде. Сонымен қатар, кішкентай пациентті Алматыдан келген бас штаттан тыс анестезиолог-реаниматолог тексерген. Медициналық мамандар күн сайын консилиум өткізіп, баланың жағдайына қарай емдеу тәсілдерін түзетіп жатыр.

Стоматологиядағы жағдайға байланысты тексеру басталды

Ермек Кучуковтың мәліметінше, Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменті жоспардан тыс тексеру бастаған. Сонымен қатар, облыстық денсаулық сақтау басқармасы қызметтік тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.

«Біз бұл жағдайды мұқият зерттеп жатырмыз. Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен медициналық бақылау департаменті пациентке медициналық көмек көрсету барысына жоспардан тыс тексеру бастады. Денсаулық сақтау басқармасы да қызметтік тергеу жүргізуде. Құқық қорғау органдары стоматологиядағы бейнебақылау камераларының жазбаларын тәркіледі. Медицина қызметкерлерінің әрекетіне немесе әрекетсіздігіне құқықтық баға беріледі», – деді басқарма басшысы.

Павлодар облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Мәдина Жұмадиева да жағдайды жеке бақылауында ұстап отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, 21 қазанда қыз бала стоматологияға анасымен бірге барған. Ем-шара аяқталғаннан кейін есінен танып қалған.

«Бұл стоматологқа үшінші рет баруы болатын. Алғашқы қабылдауда дәрі салынған, кейін уақытша пломба, содан соң тұрақты пломба қойылған. 21 қазанда қыз анасымен бірге қабылдауда болған. Ем аяқталғаннан кейін есінен танып қалды. Алғашқы көмек естен тану жағдайындағыдай көрсетілген», – деді балалар омбудсмені.

Ол баланың ата-анасы Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментіне және құқық қорғау органдарына ресми арыз түсіргенін хабарлады. Ал стоматологиялық клиника өкілдері барлық медициналық ем-шаралар бекітілген хаттамаларға сәйкес жүргізілетінін мәлімдеген.

Клиника басшылығы ресми тексеру аяқталмайынша қызметкерлердің кінәсі туралы қандай да бір қорытынды жасауға ерте екенін атап өтті. Қазіргі уақытта үш жасар қыздың жағдайы өте ауыр күйінде қалып отыр. Оқиғаның нақты себебі мен медициналық көмек көрсету кезінде заңбұзушылық болған-болмағаны тексеру нәтижесінде анықталады.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button