Беларусь президенті Александр Лукашенко Украинадағы соғыс үшін Владимир Зеленскийді ғана кінәлау дұрыс емес деп санайды. Оның пікірінше, Украина халқы президент сайлауында “тәжірибелі саясаткерді таңдауы керек болған”, деп хабарлайды Tizgin.kz БЕЛТА агенттігіне сілтеме жасап.
Лукашенко Зеленский туралы не дейді
Беларусь басшысы француздың Le Point журналына берген сұхбатында Владимир Зеленскийдің саяси қызметіне баға беріп, оның бірқатар қателік жібергенін айтқан. Алайда Лукашенко Украинадағы қазіргі жағдайға ел президенті ғана жауапты емес деп есептейді.
«Ол – жас саясаткер, көп қателік жіберді. Бірақ бәріне ол ғана кінәлі емес. Ондағы “демократия” соғысқа алып келді. Оның қолында ел басшысына қажетті билік жоқ. Мұның бәріне ол ғана кінәлі емес», – деді Лукашенко.
Беларусь президенті Украинадағы президент сайлауының нәтижесіне қатысты да пікір білдіріп, ел азаматтарын саяси тәжірибесі жеткіліксіз адамды билікке әкелгені үшін кінәлады.
«Тәжірибелі адамды сайлау керек еді. Украина халқы кінәлі – тәжірибесіз адамды сайлады», – деді ол.
Лукашенко Минскіде келіссөз өткізуді ұсынды
Беларусь басшысы Украинадағы соғысты тезірек тоқтату үшін келіссөздерді қайта бастау қажет деп санайды. Осы мақсатта ол Минскінің келіссөздер ұйымдастырудағы мүмкіндігін пайдалануды ұсынды. Бұған дейін Александр Лукашенко Владимир Зеленскиймен кездесуге дайын екенін мәлімдеген еді. Сондай-ақ ол Украина президенті Мәскеуге баруға келіссе, оның қауіпсіздігіне кепілдік беруге әзір екенін айтты. Кейін Зеленский Беларусь басшысының Мәскеуге бірге бару туралы ұсынысына жауап берді.
Айта кетейік, Ресей 2022 жылғы 24 ақпанда Украинаға қалың әскермен басып кірген. Ресей әскері сол кезде Беларусь аумағын да Украинаға шабуыл жасау үшін пайдаланған.