Нұртас Адамбай: «АҚШ-қа келгелі қазақ тілінде көбірек сөйлей бастадым»
Актёр, шоумен, режиссёр, продюсер және сценарист Нұртас Адамбай журналист әрі продюсер Қанат Бейсекеевке берген сұхбатында қазақ тілі, Қазақстан мен АҚШ-тың айырмашылығы туралы айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Әкем «Қазақша сөйлеңдер» деп айтатын
«Мен АҚШ-қа келгелі қазақ тілінде көбірек сөйлей бастадым. Бірде көлікте қазақ тілінде подкаст тыңдап келе жатқанымда әйелім «Сен қазақша түсініп отырсың ба?» деп сұрады. Мен түсініп отырғанымды айттым. Ата-анам да «Балам, сен Америкаға кеткелі қазақша сөйлей бастадың» деп айтты. Әкем бала кезімде «Қазақша сөйлеңдер» деп көп айтатын. Бала кезде қазақша оқуға тырысқаным ешқайда кетіп қалмапты. Сол кезде қазақша оқуға тырысқаным қазіргі кезде білініп жатыр. Қызыммен қазақша сөйлесуге тырысам, себебі уақыты келгенде қазақ тілін үйрену, сөйлеу ол үшін қиын болмағанын қалаймын. Қазір ол көп жағдайда ағылшын тілінде сөйлейді», – дейді Нұртас Адамбай.
«АҚШ-та тұратындар дүниеқұмар емес»
Оның айтуынша, АҚШ өзі ойлағандай болмай шықты.
«Мен ол жақтағы адамдар жеңілтек, артық салмағы көп адамдар тұратын ел деп ойладым. Олай емес екен. Олар спортпен шұғылданады, жағалауда жүгіреді, отбасыларымен, иттерімен бірге серуендейді. Дүкендері ерте жабылады, ақшаның соңынан қумайды. Жан сақтау үшін күн көріп, жанталасып жүрмейді», – дейді ол.
Сондай-ақ, ол АҚШ-та тұратындар материалдық жағдайға тәуелді деп ойлаған.
«Олар дүниеқұмар емес екен. Осы жақта жөндеу жұмыстарын істейтін достарым бар. Олар үй иелері жөндеу жұмысын жасатқан кезде сапа емес, жылдамдықты талап ететінін айтты. Өзім осы жақта үй жалдап тұрамын. Басқа да үйлерді көріп жүрмін. Ол жақта барлық үйде бірдей шкаф тұрады. Олар жиһазым, тұсқағазым басқаныкінен әдемірек болса екен деп ойламайды. Ал мен Алматыда тұрғанда өз үйіме жөндеу жұмысын жүргіздім. Сол кезде 1 дана кафельді дұрыс жабыстырған жоқ. Сонда менің көңіл-күйім түсіп кетті. Құрылыс жұмыстарының жетекшісіне, кафель жабыстырған адамға ашуландым. Ал соның не керегі бар еді?», – дейді ол.
Нұртас Адамбай АҚШ-та балаға дауыс көтеріп сөйлемейтіні ұнайтынын айтты.
«Өзімді кемелденген адаммын деп ойлайтынмын»
«Балалар алаңында олар балаларға дауыс көтермейтіні ұнап қалды. Соны байқаған кезде АҚШ-қа көшіп барғым келіп кетті. Балалар алаңында балаға дауыс көтеріп сөйлесең – қасыңа келіп ескерту жасайды. Расымен де балаға не үшін дауыс көтеруіміз керек? Еңсесін басып тастап, есейген кезде өз-өзіне сенімсіз болып, өз-өзін түсіне алмай жүру үшін бе? Мен өзімді намаз оқитын, кемелденген адаммын деп ойлап жүргенмін. Олай емес екен. Әлі үйренерім көп екен, ең алдымен балаға дауыс көтермеуді үйрену керек адам екенмін», – дейді ол.